Мемлекет басшысы Ақсай жастарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Ақсай жастарымен кездесті

10.03.2023

Президент Батыс Қазақстанға жасаған сапарында Ақсай қаласында орналасқан «PetrolValves Kazakhstan» компаниясының жұмысымен танысты. Былтыр жазда ашылған бұл кәсіпорын Қазақстанда жоғары технологиялық клапандар өндіретін және оларды жөндейтін жалғыз өндіріс орны. Зауыт ашылған жарты жылда мұнай-газ саласына қажет клапандар мен клапан компоненттерінің 500 данасы шығарылса, биыл 2000 данасын өндіру көзделіп отыр. Ал 2024 жылы 3,5 мың данасын шығару жоспарда бар.

Динар Хамиев, «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС бас директоры: 

Қазақстанның 3 үлкен кен орны бар: Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз деген. Біздің өнімдеріміз осы үш үлкен кен орындарына арналған. Бұған дейін олар біздікіндей өнімдерді шет елден әкеліп жүрді немесе істен шыққан болса жаңасына ауыстырып жүрді. Ескі клапанды жаңасына «Клапанға жаңа өмір» бағдарламасы бойынша қайта іске әкелу – 30-40 пайыз үнем болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсайдағы Жастар ресурстық орталығында өңірдің белсенді жастарымен де кездесті. Мемлекет басшысы «еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында» дей келе, еңбекқор жастарға, олардың идеялары мен ұсыныстарына әрқашан қолдау көрсететінін айтты. Мекемеде коворкинг алаңы, қайырымдылық дүкені, жастарға қызмет көрсету орталығы мен түрлі қиындыққа тап болған жандарға психологиялық көмек көрсететін кабинет бар.

 Данияр Қайыртпай

Хабарламаларға жазылу