Елімізде жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға жаза қатаңдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға жаза қатаңдайды

09.03.2023

Жаппай тәртіпсіздікке шақырағандарға, енді жаза қатаңдайды. Интернет арқылы үндеу салғандар да Заң алдында жауап береді. Бүгін Сенатта арнайы құжат мақұлданды. Заң жобасына сәйкес, аталған бап бойынша сотталғандардың мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігі болмайды. Сенат отырысынан тілшіміз тарқатады

Жаппай тәртіпсіздік туралы заңның қатаңдау себебін министр осылай түсіндірді. Бұрынғы бапқа өзгерістер енгізіліп, жаза мерзімі 2 жылға ұзарды. Сонымен қатар интернет арқылы тәртіпсіздікке шақырғандар да заң алдында жауап береді. Бұрын бұл норма болмаған. Бейбіт митинг пен жаппай тәртіпсіздік заңы бір-біріне қарама-қайшы емес. Екеуі екі түрлі ұғым деді министр.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Барып қиратайық, бұзайық, жағайық деген кезде соларға ғана мына интернет және басқа ресурс арқылы тарататын болса, жауаптылық көзделіп отыр.

Ішкі істер министрлігі ұсынған өзгерістер пакетінде азаптау туралы бап та бар. Құзыретін пайданалғандардың да жазасы қатаңдайды. Ол енді аса ауыр қылмыс түріне ауысты. Ешбір амнистияға жатпайды. Сонымен қатар Заңға алғаш рет «қатігез әрекеттер» түсінігі енгізілді. Сенат төрағасы өкінішке қарай осындай істердің көпшілігі сотқа дейін жетпей қалатынын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне, кейбір қызметкерлердің зорлық-зомбылығына қатысты көптеген шағым түсетінін айта кету керек. Сенатқа да ондай шағымдар келіп жатыр. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай істердің басым көпшілігі сотқа жетпейді, өйткені зорлық-зомбылық, азаптау және басқа да фактілерді дәлелдеу, анықтау өте қиын.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Заңдар тек күшейтіліп жатқан жоқ. Гуманизм аясындағы түзетулер де бар. Мәселен түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдерге баласын 4 жасқа дейін қасында қалдыруға рұқсат берілмек. Елімізде мұндай мекеменің саны біреу ғана. Ол жерде қазір 29 ана мен бала бар

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу