Сырдария арнасынан тасып автожол көпірін су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдария арнасынан тасып автожол көпірін су шайып кетті

09.03.2023

Қызылорда облысында тасқын судың кесірінен «Жосалы-Жалағаш» аралығындағы автожолға қатты зақым келді. Ауданаралық трасса қазір жүруге жарамсыз. Арнайы комиссия су басқан аумақты табиғи апат деп танып, автожолды төтенше жағдайға қаралған қаржы есебінен жөндейтін болды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Далдабай ауылынан 3-4 шақырым жердегі көпірдің маңын су шайған. Алапат су автожолдың 5-6 метрін орып кеткен. Салдарынан қазір Жосалы кентіне қарай жол жүру мүмкін емес.
Өзен арнасы тасыған күні Далдабай ауылының тұрғындары да күні-түні жағдайды бақылап отырған. Қатты екпінмен келген қарғын су бір сәтте көпірге шығатын көтерме жолды жырып кеткен.
Елдімекен жанындағы шабындық жерлерді бір түнде мол су басып, жайылымдағы төрт-түлікке қауіп төнді. Малмен күнкөріп отырған ауыл тұрғындары абырой болғанда ұсақ мал мен сиырларды дер кезінде шығарып үлгерген.

Мирас Қаналы, ауыл тұрғыны:

Мал алдынғы күні теміржолдың арғы бетінде жатқан, кейін бергі бетке шығардық. Таң ата мына дамбыға кеп тұр екен су. Жолды жауып жатты. Көпір кетіп қалған. Қалып қойған жылқылар бар енді. Аралда тұр. Жылқыға ешкім неғып жатқан жоқ. Олар өздері шығады деп. Ең бастысы сиырлар ғой. Сиырлар өздері қыстан әрең шығып тұр.
Ал Сырдариядағы сеңнің ұзындығы 10 шақырымға дейін жетті. Қазір өзендегі мұз көшкіні Жосалыдан өтіп, Байқоңырға жақындап келеді. Бірақ, мамандар ендігі жерде тасқыннан елдімекендерге қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

Марат Құрманбаев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Болжам бойынша ешқандай қауіпсіз Арал теңізіне қарай сеңді, мұзды шығарып салатын болжамдар бар. Бұл енді біздің есептеуіміз бойынша дәл осындай ауа-райымен, дәл осындай сеңнің жүру жолымен 25 наурызда біздің облыстың аумағынан шығып Арал теңізіне құйыла бастайды.
Табиғи апат салдарынан бірнеше шақырымы зақымданған «Жосалы-Жалағаш» автожолына келтірілген шығын көлемін арнайы комиссия есептеп жатыр. Жергілікті билік ауданаралық трассаны төтенше жағдайға қаралған қаржының есебіненжөндемек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу