Қызылорда облысында жолдарды су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жолдарды су шайып кетті

09.03.2023

Сырдариядағы сеңнің ұзындығы 10 шақырымға дейін жетті. Қазір өзендегі мұз көшкіні Жосалы кентінен өтіп, Байқоңырға қарай бет алды. Тасқынның салдарынан Қармақшы мен Жалағаш аралығындағы тасжолдың бірнеше жерін су шайып кеткен. Аймақтағы ахуалды өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тікелей эфирде баяндауға әзір.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Ел-жұрт тасқын судан аман. Сырдариядан сең жүргелі ең қауіпті аумақ Қармақшы ауданы болды. Қызылтам ауылы маңынан өтетін ауданаралық трассаның бірнеше шақырымы су астында қалды. Соның ішінде, көпірдің тұсын орып кеткен. Қазіргі таңда табиғи апат салдарынан автожолға келтірілген зақым сараланып, шығын көлемі анықталуда. Ең бастысы елдімекендерге төнген қауіп сейілді.

Өзен деңгейін түсіру үшін каналдар арқылы көлдер мен шабындық жерлерге су жіберіліп жатыр. Жалпы Сырдарияның жоғары жағынан облыс аумағына секундына 770 текше метрден аса су келуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3-4 есе көп. Сондықтан әлі де дария арнасынан тасып, жайылуы мүмкін. Ал мамандар Сырдариядағы сең Арал теңізіне 25 наурызға таман жетеді деп болжап отыр.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу