Биікті бағындырған қыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биікті бағындырған қыз

07.03.2023

Ер азаматтар атқаратын мамандықты игерген аруларымыз аз емес. Солардың бірі – Ақерке Шопатаева тікұшақты ұршықша иіріп, авиация саласында қызмет атқарып жүр. Қиын әрі күрделі қызметке қызығуына ата-анасы ықпал еткен. Қайсар қыз туралы әріптестері не дейді? 

Ақерке Шопатаеваның әр күні қауырт. Тікұшақ туралы дерек жинап, тәжірибесін толықтыру үшін үнемі ізденісте жүреді. 15 жылдан аса авиация саласында жұмыс істеп жүрген ұшқыштың алғаш рет әуеге көтерілген сәті әлі күнге есінде.

Ақерке Шопатаева, «ҚазАвиақұтқару» АҚ ұшқышы:

Ұшқыш ретінде осындай үлкен көлікті өзің басқарып отырған кезде ол сезімді жай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны нақты сол жерде отырып, сезіну керек. Ол үшін ұшқыш болу керек деп ойлаймын өзім.

Ер азаматтардың өзі жүрексінетін қауіпті саланы таңдаған Ақерке Шопатаева 400 мәрте көк аспанда қалықтаған. Сондай-ақ көптеген құтқару операциясына қатысып, талай жанның алғысын алған.

Ақерке Шопатаева, «ҚазАвиақұтқару» АҚ ұшқышы:

Әр сәт әртүрлі болады. Әр қонудың өзі бірдей болмайды. Үнемі ауа райының жағдайына байланысты. Жел соғады. Қысым төмен, жоғары болады. Кейбір жағдайда бүгінгідей құстар ұшып қалды. Олда өз әсерін береді.

Ақерке Шопатаева әр тапсырмаға тыңғылықты дайындалады. Табыстан намысты биік қоятын ұшқыштың әріптестері оның еңбексүйгіштігін, тиянақтылығын жоғары бағалайды.

Талғат Тәжікбаев, «ҚазАвиақұтқару» АҚ ұшқыш-нұсқаушысы:

Нәзік жан болса да, оған ешқандай жеңілдік жоқ. Қанша қиыншылық болса да, бәрінен абыроймен өтіп, бәрін жақсы деген бағамен бітіріп әр ұшқаның күрделі дайындық. Әр ұшқаның - мақсатыңа жеткенің.

Ақерке – төрт баланың анасы. Жолдасы да осы салада жұмыс істейді. Биікті бағындырған ұшқыштың басты арманы – елдің тыныштығы мен жұрттың амандығы.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу