Жылыжайлар үшін көмір қоры жасақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылыжайлар үшін көмір қоры жасақталады

07.03.2023

Қазақстандағы кілем тоқу өндірісі Өзбекстан мен Түркия тарапынан жасалынған тауар түсіміне шыдас бере алмай отыр. Ал диқандар болса жылыжай шығындарын субсидиялауды сұрайды. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринмен болған кезедесуде шымкенттік кәсіпкерлер осы секілді бірқатар мәселелердің оңтайлы шешілуін сұрады.

Қыстыгүні жылыжайға жұмсалатын коммуналдық шығынның көптігі диқанды дағдартып тастайды. Сондай-ақ көкөністің өзіндік құнын жоғарылатып, бағасын көтеріп жібереді. Сондықтан диқандар коммуналдық төлемдердің тең жартысын субсидиялауды сұрап отыр. Мұнан бөлек, еліміздің солтүстігі мен оңтүстік аймақтарының арасында Форвард келісімшарты жасалса дегенді айтады. Яғни теріскей жұртшылығының көкөніске сұранысы алдын ала анықталса, түстіктегі шаруа тірлігін соған қарай ыңғайламақ.

Берік Орынтаев, жылыжай кешенінің иесі:

Шаруа қожалығы алдын ала біледі өзінің өнімін мынадай бағамен өтетінін. Басқа саудагерлерге жүгінбейді. Қандай көлемде, белгіленген бағаға сай пайдасын жобалайды. Ол тұрақтылыққа алып келеді менімше.

Кездесу барысында шымкенттік кәсіпкерлер тоқыма өндірісі, мал шаруашылығы мен жеміс бақтарына қатысты түйіткілдерді ортаға салды. Үкімет басшысының орынбасары оларды жан-жақты зерделей келе бұл мәселелер алдағы уақытта шешілетінін айтты. Және көмір тапшылығы енді болмайды.Үкіметтің араласуымен жылыжайлар үшін көмір кеніштерінің базасында сұранысқа сай алдын ала отын қоры жасақталмақ.

Серік Жұманғарин ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:

Біз сауда-саттық биржасында олар үшін арнайы секция ашамыз. Кеше Шұбаркөл көмірінің иелерімен кездестім. Олар бұл ұсынысқа көнеді.

Тағы бір жаңа бастама биылдан бастап елімізде фермерлік жылжайларды стандарттау ісі басталмақ. Олар ресми тіркеуге алынып, салық төлейді. Үкіметтің жеңілдіктерін пайдалана алады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу