Қазақстанда «Креативті индустрияға»» жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі жасалмақ. Осы санаттағы кәсіпкерлерге арналған критерийлер анықталып, «Креативті экономиканы» дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы да бекітіледі. Бұл туралы осы аптада Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.Ал өткен жылдың соңында Астанада болған Орта Азия елдерінің бірінші медиа форумында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов осы салаға қатысты былай деген еді:«Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, «Креативті индустрия» әлемдік экономикада жылына шамамен 2,3 триллион доллар табыс түсіреді. Дамыған елдерде «Креативті индустрия» алдыңғы қатарға қойылған. Осы тұрғыда Қазақстанның «Креативті индустриясын» 2025 жылға дейін 5 пайызға арттыру жоспарланып отыр».
Жалпы, Қазақстанда «Креативті экономика» ұғымы жақында пайда болды. Ал өзге елдер мұны пандемиядан кейінгі экономиканы түлетудің тетігі деп отыр. Тіпті, 2020-2021 жылдары әлемдік экономиканың осы секторындағы өсім 15 пайызға жеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялады. Әлемде 30 млнға жуық адам экономиканың осы секторында табыс тауып жүр.
Ал Қазақстандағы көрсеткіштер қандай? Шығармашылықпен айналысатын адамдардың өнімін сатуға жағдай жасалған ба? Өзге елдердің феномені неде? Аманкелді Сейтханның зерттеуін көрейік.
Жанасыл Болатбек, Dijital медиа сарапшысы:
Тіл, ұлт, ұлттық краскілерді қосып кірген кез келген жоба ұзаққа бармайды. Бірінші сен әлемдік деңгейге шығуды, оның табыс алып келуін ойлауың керек. Содан кейін барып сен ұлттық краскілерді аз аздап қоса бастайсың.
Сәния Баженеева, өнертанушы:
Дегенмен, ұлттық музыка, ұлттық мәдениет, ұлттық қолөнер оның бәрі де шығармашылықтың негізі бола алады. Егер Кореяны алатын болсақ, олардың креативті индустриялары ең бастысы кәріс тіліне негізделген. Олар ең негізгі болып попмузыканы алайық, сериалдарды, фильмдерді мұның бәрі де әлемдік жетіктістер. Олар да мысалы үшін агенттік бар. Осы кәріс мәдениетін әлемге таратушы. Киноларында, сериалдарында Кореяның дизайнерлері жасаған киімдер үлгісін, кәріс брендтерін жарнамалап жатқанын көреміз.
Корея төл өнімін сатуды жақсы меңгерген. Алдымен, интернет арқылы түрлі контент жасап, тұтынушы тартады. Сұраныс артса жобаға жасырын түрде ұлттық бояуын енгізе бастайды. Бұл тәсіл сонау 2009 жылы басталған. Нәтижесін 10-15 жылдан кейін көріп жатыр. Ал, Қазақстанда ше?
Әсел Серікпаева, «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ креативті жобалар жетекшісі:
Креативті индустрия саласы осыған дейін мемлекеттік мүмкіндіктер болмаған. Енді ғана бұған көңіл бөлінуде. Заң жобасы былтыр ғана қабылданды. Біз қараша айында құрылдық. 4 ай болды. Жұмыстар енді-енді басталып жатыр.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2020 жылы Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 2,8 пайызы креативті ин¬дустрияға тиесілі болған. Ғаламдық инновация индексінің рейтингінде сол жылы Қазақстан 77-орынға тұрақтаған. Одан кейін көрсеткіш қалай өзгергені белгісіз. Өйткені, Қазақстандағы «Креативті индустрия» саласы соңғы рет 3 жыл бұрын зерттелген. Ал, саланы дамытудың тұжы¬рымдамасы енді бекітілмек. Бірақ, ол қалай жүзеге асатыны белгісіз.
Жанасыл Болатбек, Dijital медиа сарапшысы:
Мұның өзін екіге бөліп қарауға болады да. Бұл Қазақстандық нарыққа жұмыс жасау және шетелдік нарыққа жұмыс жасау. Мысал ретінде әндерді айтуға болады да. Той әндері сыртқы нарыққа шыға қоймайды. Біздің Димаштың әндерін айтуға болады. Иманбектің әндерін айтуға болады.
Димаш та, Иманбек те әлемдік тұлғаға айналды. Мысалы, Димаштың былтырғы Ал¬матыдағы концертіне 68 елден фанаттар келген. 1 миллиард теңге пайда түскен. Бірақ, сол Димашты неге коммерциялық жобаға айналдыра алмай отырмыз?
Сәния Баженеева, өнертанушы:
Бұл негізі қалай жасалады иә әлемде. Олар әртістерді толықтай қаржыландырады. Өздерінің киімдерін кигізеді. Бүкіл сапарын жүріп-тұруын бәрін қаржыландырады. Меніңше, біздің брендтердің көбі енді ғана аяққа тұрып жатыр. Олардың мысалы мүмкіндігі жоқ Димаштың сапарын қаржыландыруға.
Демек, салаға кешенді мемлекеттік қолдау қажет. Ал, бұл жұмыс Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырылған. Министрлік болса ол міндетті «Қазақ туризм» компаниясына жүктепті.
Әсел Серікпаева, «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ креативті жобалар жетекшісі:
«Қазақ әлемі» деп аталатын, қазақ тілді үйрететін бағдарламасы. Бұдан басқа біз жасалып жатқан мураль деп айтады ғой. Арт суретшілермен жасалынатын муралдар. Муральдың біз Станислав театрында жасадық Қарағандыда. Қазір ол жерге жастар жиналады. Тик-ток түсіретін, туристерді жинайтын жерге айналды. Бұдан басқа біз Қазақстандық танымал таланттарды бақ өкілдері арқылы танытуға үлес қосып жатырмыз.
Компания өкілі әлемдік жобалар жасау үшін қомақты қаржы құятын инвестор табу қиын, дейді. Сондықтан, алдымен ішкі нарықты қамтып, қай саладан пайда түсетінін анықтау керек. Ол 50 қызмет түрі экономикалық қызмет түрлерінің жіктеушісі тізіміне енгізілмек. Яғни, ән айтып, сурет салу бұрын тек өнер деп қаралса, енді кәсіп санатына жатқызылмақ. Ал, Астана, Алматы және Шымкент қалалары шығармашылықты дамытуға ыңғайлы аймақтар тізімінде. Бірақ, шығармашылық салаға жата¬тын 22 мың кәсіпкерлік субъек¬тісі тіркелген Алматыдағы креативті кәсіпкерлердің 85 пайызы инфрақұрылым жоқ екенін айтқан. Астанада да солай. Мысалы, Елордадағы Назарбаев Университеті жанынан 5 жыл бұрын ашылған жеке креативті зертханада жұмыс істейтін Аслан мұндай орталықтарды көбейту керек деп есептейді.
Аслан Кабиев, креативті кәсіпкер:
Шет елдердегі үлкен компаниялар коворкниг орталықтарда жұмыс істейді. Біздегі мектептер мен жоғары оқу орындарында коворкингтарды көп ашу керек. Мысалы осы жерде соңғы үлгідегі компьютерлер бар. Олармен жұмыс істеу тиімді. Екіншіден, бұл орталықтар адамға еркіндік сыйлайды. Ал, креатив деген еркіндік бар жерде пайда болады.
Орталықта жоба жасап жүргендердің тағы бірі - Камила. Ол «Кенже қыз» Қазақстандық мультфильмнің суретін салған. Мультфильмнің ютубтағы трэйлерінің өзі 9 миллион рет қаралыпты. Үш тілдегі өнімді өзге елдерде асығып күтіп отыр дейді,-ол. Өйткені, бұл мультфильм туралы әлемдегі танымал сараптама арналардың бірі Садерлинг анонс жасаған. Осыдан кейін Кәмиланы шет елдік компаниялар өз қатарына шақырған.
Кәмила, иллюстратор-суретші, аниматор:
«Нетфликс» ұсыныс білдірді. Немесе Қазақстанда студияңды ашып берейік, бізге жұмыс істе деп жатыр. Қазір мен сияқты «Марвеллдің» комикстарын салып жүрген қазақ достарым бар. Бірақ, біз уақытымызды Қазақстандық жобаларға арнағымыз келеді. Алайда, ол қиын. Өйткені, қаржылай қолдау жоқ. Өнімді жасаған күннің өзінде оны сату сияқты жұмыстарды өзің ұйымдастыру керек.
Демек, Қазақстандағы «креативті индустрияның» кенже қалуының себебі, идеяның жоқтығы емес, бар дүниені сата алмау.
Сәния Баженеева, өнертанушы:
Бұл жүйені жасайтын мамандар жеткіліксіз. «Болашақ» стипендиясы бар иә бізде. Мен приоритетті мамандықтар тізімін қарадым. Ол жерде «мәдениетті басқару» мамандығы жоқ. Маркетологтар да осы креативті индустрияға тереңірек үңілу керек. Мысалы, біз білеміз ия, басқа тауарларды материалдық тауарларды қалай сататынын өте жақсы білеміз. Сондықтанда маркетологтар осыған бет бұрып, еңбек етуі керек.
«Креативті индустрия» сан қырлы. Мысалы, оған жауапты ретінде бекітілген «Қазақ туризм» компаниясы саланы дамытудың 8 бағытын анықтаған. Ал, осы саланың бәрін дамытуды туризмға жауапты бір компанияға жүктеп қою қаншалықты дұрыс?
Жанасыл Болатбек, Dijital медиа сарапшысы:
Менің көзқарасымда ол үлкен қателік. Біздегі үнемі айта беретін Кореяның мысалы бар. Кореяның әншілері осылай танымал болды, сол арқылы кореяға туристер келді деген. Ал, ол Айтиы бар. Ол кең ғой. Бір сала бойынша компанияға, бір министрлікке беріп қою үлкен қателік.
Ал, әлем елдері бұл салаға кешенді қарайды. Мысалы, Норвегияда шығармашылық экономиканы қаржыландыру жеке жүйесі болса, Финляндияда креативті кәсіп¬керлікті дамытудың стратегиясы жасалған. Сингапур Азиядағы жаңа мәдени хабқа айналуды мақсат етсе, Тайвань бейнеойындар нарығында Қытаймен бәсекеге түсу үшін цифрлық технологиялар орталығын ашқан. Сондықтан мамандар Қазақстанда да креативті индустрияны дамытуға арналған арнайы мемлекеттік құрылым немесе агенттік қажет екенін айтады.
Аманкелді Сейтхан