Ресейден Қостанай қаласының 1895 жылы бас жоспарының сызбасы түсірілген көне карта табылды.
Жергілікті ғалымдар бұл ұмытылған ертедегі жер-су атауларын жаңғыру үшін таптырмас сенсациядық жаңалық деп отыр. Картаның түпнұсқасы Санкт- Петербург қаласында. Көшірмесі Қостанайдағы өлкетану мұражайына тапсырылды. Картаны көне жер су атауларын зерттеп жүрген ғалым кездейсоқ тауып алған. Мұнда қаланың алғашқы бөлігі Әбілсай мен Ордабай сайының ортасына салынғанын көруге болады. Әбілсай атауы қазір де белгілі. Көшеге берілген. Ал Ордабай атауы осы картаның арқасында мәлім болып отыр. Тағы басқа осындай көптеген тың деректер кездеседі. Сонымен қатар қазіргі қала аумағында сол кезде елу шақты көл болған. Бүгінде олардың бірде-бірі жоқ.
Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Көлдердің атауы өте қызықты. Мысалы Майқұмыр, Астаукөл, Қасқакөл атаулары кездеседі. Қазіргі қаланың теміржолдың ардағындағы бөлігінде жерасты суы жақын деп айтылады. Көктемде жердің бетіне су шығып кетеді. Өйткені ол жердегі үйлер көлдің үстінде тұр.