Шымкент қаласының әкімі 500-ден астам азаматтың арызын тыңдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының әкімі 500-ден астам азаматтың арызын тыңдады

03.03.2023

Әр айдың алғашқы аптасында Шымкент қаласы әкімінің қоғамдық қабылдауында 500-ден астам тұрғын өздерін толғандырған мәселелерін айтуға мүмкіндік алды. Шаһар басшысы әкімдікке қарасты барлық саланың жетекшілерімен әрбір азаматтың мәселесін жеке тыңдап, оны шешу жолдарын қарастырды.

Көлік кептелісін болдырмау мақсатында салынып жатқан жолайырық оған жақын жердегі жолдарды тоздырып барады. Ағылған көлік Түркістан шағын ауданындағы ішкі жолдармен жүруге мәжбүр. Оның ішінде құрылыс материалдарын тасып жатқан ауыр техникалар да бар. Шағын аудан тұрғыны Лесбай Майемеров бүгінгі қабылдауда қала әкіміне осы қиындықтарды айтты.

Лесбай Майемеров, қала тұрғыны:

Бүгінгі келген тірлігіміз оңынан болды. Әкім қабылдауында болдық, онан соң жол қатынастары басқармасының басшысы қабылдады. Айтып келген тірлігіміз 4-5 айдың ішінде шешіледі деп сендірді. Бұл да жақсы ғой.

Қоғамдық қабылдауда қала әкімімен қоса атқарушы биліктің барлық тармағы мен құқық қорғау қызметі басшылары да халықпен кездесті. Қабылдауға келген 500-ден аса азаматтың жартысына жуығы сауалдары мен проблемаларын мегаполис әкіміне тікелей айтуға мүмкіндік алды. Айтылып жатқан мәселелердің дені әлеуметтік салаға қатысты.

Мақсат Жолдасбеков, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Олардың негізгі мәселелері мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант жөнінде, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар өтінім берген екен. Сол кісілерге тәртібін түсіндіріп бердік.

Бұл жолы қоғамдық қабылдауға келгендер тек мұқтаждықтарын айтумен шектелмеді. Шаһардың дамуы мен өркендеуі жолындағы қала әкімінің жұмысына риза болған бір топ тұрғын алғыс айтты.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу