Ақтөбе ақтүтек бораннан көз ашпай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе ақтүтек бораннан көз ашпай тұр

02.03.2023

Ақтөбе ақтүтек бораннан көз ашпай тұр. Кешелі бері қар жауып, жел күшейді. Республикалық маңыздағы екі жол учаскесі уақытша жабылды. Ал жауапты мекемелер облыс орталығынан қарды уақытылы шығарып үлгере алмай жатыр.

Ақтөбе қаласы бойынша қауіпті төрт аумақ бар. Соның бірі осы «Мәскеу» ауданы. Тұрғындардың қолынан қыс бойы күрек түскен жоқ. Мұндағы жұрт «Күн күрт жылынса, қарғын судың астында қаламыз ба» деп қорқады.

Жақсыбай Дауқұлов, қала тұрғыны:

Мына арадан кіру де жоқ, шығу да жоқ. Кілең балшық, шұңқыр, шоқалақ.Төменгі жақ кетеді, үстіңгі жақ кетеді.Біз шамалы биікте тұрмыз, бірақ су тақап тұрады ғой.

Көшелердің бойында қыс бойы жиналған қар сол күйі тұр. Тұрғындар: «Жауапты мекемелерге қанша айтқанымызбен, құлақ асар ешкім жоқ»,- дейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл көшенің қары қыс басталғалы шығарылмаған.Міне, тау боп үйіліп тұр. Ал көшенің ортасымен бір көлік әрең өтеді. Біз жағдайды тұрғындардың өзінен сұрап көрейік.

Ахмет Аманов, қала тұрғыны:

Биыл қар көп түсті. Жаңбыр жауды. Бұны бір де келіп алып көрген жоқ коммунальныйлар. Ертең көктемде ерісе, біз суға кетеміз.Сосын біздің көшеде асфальт жоқ. Мынаның бәрі езіледі, балалар мектепке бара алмайды.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қыс бойы қаладан 200 мың текше метр қар шығарылған. Қазір 4 мердігер мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Дегенмен біз барған ауданның қары тек келесі аптадан бастап қана шығарылады екен.

Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Мәскеу ауданында 58 көше белгіленіп, қазіргі таңда оның 34нен жұмыс жүргізіліп, әрі қарай жалғастырылуда.

Тұрғындардың қауіптенуіне себеп бар. Өйткені, былтыр көктемде шаһардың бірнеше ауданы суға кетті. Салдарынан 120-ға жуық үй жарамсыз болып қалды. Төтенше жағдай қызметкерлері биыл ондай апатқа жол бермейміз деп сендіріп отыр. Жалпы облыс бойынша 30-дан аса елдімекенге тасқынның қаупі төніп тұр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу