Алматыда жыл басынан бері 17 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жыл басынан бері 17 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

02.03.2023

Апаттың жиілеуінен әсіресе жас балалардың көз жұмуы өте өкінішті. Жол апаты жиі орын алатын Алматыда көлік қозғалысын бақылауға алмаса болмайды. Әсіресе такси қызметіне сын көп. Шаһар әкіміне тұрғындар осындай шағымын жеткізді. Соңғы кездері жол ережесін елемейтіндер көбейген. Салдарынан жол көлік оқиғасы жиілеп, жүріп-тұру қиындады. Жиында, автобустардың жетіспеушілігі мен аулалардағы қауіпсіздік мәселелері де сөз болды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Алматы десе бірден шақырымдарға созылып кететін кептеліс еске түседі. Оған бірнеше себеп бар. Соның біріншісі шаһардағы көліктер санының көптігі, енкіншісі жол жүру ережелерінің сақталмауы. Әсіресе көліктерін міне, мынадай тыйым салынған орындарға қалдырып кететіндер көбейген.

Ереже бұзатындардан әбден жапа шеккендердің бірі - Уатхан Жаконда. Троллейбус жүргізушісі автобустарға арналған жолаққа жеңіл көліктердің түсіп алып, кедергі жасайтынын айтып күйінеді.

Уатхан Жаконда, троллейбус жүргізушісі:

Уақытымызды алады. Уақытпен жүреміз. Жолдың екінші, үшінші қатарына дейін қойып тастайды көліктерін. Кешке кептеліс кезінде алдымызға түсіп алады. Жол бермейді.

Жыл санап шаһарда көлік саны артып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек заңды тіркелген темір тұлпар саны 580 мыңнан асып жығылады. Оған сырттан кіретін тағы 300 мыңды қосыңыз. Ереже бұзушылардан жаяу жүргіншілер де әбден мезі болған. Ондайларға бір шара қолдануды талап етеді.

Сондай-ақ жылдамдықты шектен тыс асыратындар бар. Мысалы жыл басынан бері шамадан тыс тез жүрген 17 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Такси жүргізушілері клиентке тезірек жету үшін кез келген жол ережелерін бұзуға дайын. Бұл барлық ірі қалаларда бар проблема. Сондықтан такси қызметін реттейтін жоба әзірлеуіміз керек. Онымен қалалық мобильділік басқармасы айналысады. Оған қоса көшелерге жаңадан қосымша камералар орнатамыз.
Биыл аялдамаларға, көшелердің қиылысына, сондай-ақ аулаларға 3 мыңға жуық бейнебақылау камерасын орнату көзделіп отыр. Мамандар бұл көлік қозғалысын реттеп, қылмыс санын азайтуға мүмкіндік береді дейді. Мегаполис тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі. Бүгінде Алматыда 161 бағыт бойынша қатынайтын 2 мыңнан астам автобус бар. Бұл алып шаһар үшін аздық етеді. Сондықтан қалалық әкімдік биыл 100 троллейбус сатып алуды жоспарлап отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу