Стамбұлда 1,5 млн ғимарат бұзылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда 1,5 млн ғимарат бұзылады

01.03.2023

Түркияның ең ірі шаһары Стамбул қаласында 1,5 миллион нысан бұзылып, қайта салынады. Сондай-ақ, билік ғимараттардың жер сілкінісіне қарсы қауіпсіздігін күшейту жұмыстарын тез арада қолға алмақ. Жаңа жоба қашан басталады? Бұған тұрғындар дайын ба? Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы зерттеп көрді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Стамбулда шамамен 50-60 жыл бұрын салынған мына сияқты ескі үйлер өте көп. Түркияның шығысында болған алапат зілзаладан кейін ел билігі қаладағы жер сілкінісіне төтеп бере алмайтын осындай ғимараттарды аз уақытта бұзып, қайта салу туралы шешім шығарды. Сейсмикалық талаптарға сай емес, және жер астындағы дүмпу ошағының үстінде тұрған үйлер бұзылып, арнайы дайындалған қауіпсіз аймақтарда қайта салынады.

Осы жерде 40 жылдан аса тұратын Селимнің күндіз-түні уайымы осы. Үйлерінің тезірек бұзылып, жаңадан салынғанын қалайды. Алапат зілзаладан кейін ұйқымыз қашты дейді.

Селим Йылдырым, Стамбул қаласының тұрғыны:

Мен осында 1979 жылдан бері тұрамын. Мына үйлердің іргетасына бетон қазықтар қағылмай, жердің бетіне ғана сала салған. Ертең құласа кім жауап береді?! Үкіметтің тез арада ескі үйлерді бұзу туралы шешімін естіп қуанып қалдық. Бұл жобаны осыдан он жыл бұрын қолға алу керек еді. Дегенмен ештен кеш жақсы.

Түркияның ең ірі мегаполисі Стамбулда жер сілкінуі мүмкін дегенді кейінгі жылдары мамандар жиі айтып жүр. Алапат апаттың алдын алу үшін тиісті министрлік жаңа жоба ұсынып отыр.

Мұрат Курум, Түркияның қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрі:

Ыстамбулда бұзылуы тиіс бір жарым миллион нысан бар. Бұлардың 300 мыңын тез арада бұзу қажет. Қазір біздің министрліктің Ыстамбулда 94 мың ғимаратты қайта салу жөнінде дайын жобасы бар. Бір жарым миллион пәтер салуға арналған екі арнайы жер телімі де дайын. Тиісті ұсынысты Президентке жолдадық. Жақын арада бұған қатысты нақты шешім шығарылады.

Ал жер сілкінген елдің шығысында арнайы комиссия бүгінге дейін бір жарым миллион нысанды тексерген. Оның нәтижесінде 582 мың ғимараттың толықтай немесе жартылай қирағаны анықталды. Мамандар апат аймағындағы үйлерді бір жыл ішінде қалпына келтіреміз деп отыр.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу