Елде саяси дода қыза түсті: Кандидаттар халық мәселесін тыңдап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде саяси дода қыза түсті: Кандидаттар халық мәселесін тыңдап жүр

28.02.2023

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауына қатысатын 7 партияның кандидаттары үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ел аймақтарын аралап, сайлауалды бағдарламасын таныстырып қана қоймай халықты алаңдатқан мәселелерді тыңдап жүр. 

«Amanat» партиясының үгіт-насихат тобы Қостанай облысы Арқалық қаласының жұртшылығымен жолықты. Штаб мүшелері саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға арналған негізгі бағыттары туралы айтты. Одан соң өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлердің шағымына құлақ түріп, шешу жолдарын талқылады.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Әрине әр өңірдің өзіне тән проблемалары бар, мәселелері бар. Деседе біріншіден моно қалалардың және осындай шағын қалалардың тағдырлары бір-біріне ұқсас. Соның ішінде Торғай өңірінің кенжелеп қалғаны жасырын емес.

«Ауыл» партиясынан мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына ұсынылған кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын жалғастырып жатыр. Бүгін саяси ұйым өкілдері өңірдегі сайлаушыларымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Тұрғындармен су шаруашылығы жайлы әңгімелесіп, түйткілдерді шешу жолдарын талқылады. Жергілікті жұрт басқа да өзекті мәселелер бойынша сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді. Кандидаттар да өз ойын айтты. Бұл «Ауыл» партиясы өкілдерінің алғашқы кездесуі емес. Бұған дейін олар еліміздің оңтүстігі мен шығысы аймағына барған болатын. Ал, ертең саяси ұйымның белсенді тобы Қостанай облысына баруды жоспарлап отыр.

«Respublica» партиясының өкілдері Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен жүздесті. Кездесу барысында аймақтағы бизнесті дамытудың жаңаша жолдары талқыланды. Қатысушылар пікір алмасып, ұтымды ойларын ортаға салды. Жиында кәсіпорындардың маңызы мен ел экономикасына тигізер пайдасы туралы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ қызу талқыға түскен тақырыптың бірі - жаңа жұмыс орындарын ашу, бизнесті қолдау.

Назерке Талғатова, «Respublica» партиясы Қызылорда облыстық филиалының басшысы:

Турне аясында төраға, тең төраға және кандидаттарымыз Қызылорла облысында 700-ден астам тұрғынмен кездесіп кандидаттарымыз халықтан түскен ұсыныстарды назарға алып жатыр.

«Қазақстан Халық партиясының» республикалық үгіт-насихат штабының өкілдері Өскеменге барды. Ұйым төрағасы Ермұхамет Ертісбаев қоғамдық бірлестіктің өңірдегі белсенділерімен кездесіп, партияға жаңадан қабылданған 30 адамға куәлік табыстады. Күн тәртібінде науқанның он күндік қорытындысы шығарылды. Кандидаттар 18 ақпаннан бері 700 астам іс-шара өткізіпті.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық партиясы» республикалық штабының төрағасы:

Кездесулерге жеке өзім де қатысып жүрмін. Мұның алдында ғана Қарағандыда болдым. Металлургтер, дәрігерлер, зауыттардағы 14 ұжыммен жүздесіп партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырдық. Мұндай бетпе-бет форматындағы жиындар үлкен маңызға ие.

«Байтақ» жасылдар партиясының республикалық штабы үгіт-насихат жұмыстарының онкүндігін қорытындылады. Саяси ұйым өкілдері бүгінге дейін ел бойынша үш мыңнан аса кездесу ұйымдастырған. Оған 15 мыңнан астам сайлаушы қатысыпты.

Қайрат Айтбай, «Байтақ» жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:

Көп уақыт қалған жоқ. Сол уақыттың арасында біз үлгеруіміз керек. Қамтылмаған халық арасында, жастар арасында бағдарламамызды көрсете отыра біз мүмкіндігінше үгіт-насихат жұмысының соңына дейін Қазақстанның барлық өңірінде әр топтың сайлаушыларымен кездесуді алдымызға мақсат етіп отырмыз.

«Ақ жол» партиясынан кандидаттар еліміздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті. Олар өздерінің сайлауалды бағдарламасының экономикалық бөлімін түсіндірді. Ауыл шаруашылығы саласының болашағын талқылап, пікір алмасты. Жиынға Агроөнеркәсіптік кешен қауымдастығы альянсының өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер бірқатар сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Қазіргі таңда Ақжол партиясы сайлауалды науқанның ортасында келе жатыр. Біз барша аймақтарда осы еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, халықпен кездесуді өткізіп отырмыз.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшелері де үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар бүгін “Астана су арнасы” мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Жиында жұмысшылар өзекті мәселелер бойынша өз ойларын айтты. Алаңдатқан сұрақтарын қойып, жауап алды. Іс-шара барысында саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы түсіндірілді. Жалпы партия белсенділері бүгінге дейін 300-ге жуық іс-шара өткізген, тағы 200 шара өткізуді жоспарлап отыр.

Талғат Омаров, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшесі:

Ауыл шаруашылық мәселесін көтердік, экология мәселесі және жастар саясаты мәселесін көтеріп, соның бәрін талқылап, бір ойға келгендей болдық.


Хабарламаларға жазылу