Бельгияда Бинш карнавалы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда Бинш карнавалы өтті

27.02.2023

Пандемияның кесірінен екі жыл өткізілмеген Бельгиядағы Бинш карнавалы қайта оралды. Ауқымдылығы мен әсемдігі жағынан Венеция карнавалынан еш кем түспейтін мерекенің тарихы тереңде. Ортағасырдан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан фестиваль ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Жеті ғасырдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Бинш карнавалының басты кейіпкері мына Жиль. Арыстан бейнеленген ала-құла костюміне суықты үркіту үшін сыңғырлақ қоңыраулар ілінген. Ағаш аяқ киімі мен түйеқұстың қауырсынынан жасалған қалпағы да ерекше. Салмағы үш келі болатын зілдей бас киіммен жетпістен асқан Жильдер бес сағат бойы шаршамай жүруі тиіс.

Николя Бруер, Бинш қаласының тұрғыны:

Менің жасым 72-де. Бұл карнавалға 40 жылдан бері қатысып келемін. Бұл бізге ата-бабадан қалған мұра. Оны келешек ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз.

Дәстүрге сәйкес, карнавалдағы Жильдің рөлін тек қаланың байырғы тұрғындары ғана сомдай алады. Өзгелер арлекин сияқты күлдіргі адам мен серінің костюмын киіп, себеттегі апельсинді таратуға жәрдемдеседі. Жемісті қағып алған адамға осы жыл сәтті болады деген сенім бар.

Флорензо Пиррей, Льеж қаласының тұрғыны:

Бұл Бельгия мәдениетінің бір бөлігі. Балаларға осындай құндылығымыз бар екенін көрсету үшін келдік.

Элен Молье, турист:

Балаларымызбен бірге осы карнавалды екі жыл асыға күтіп, көру үшін Франциядан арнайы келдік. Ғажап көрініс, ұмытылмас әсер сыйлайтын мереке.

Үш күнге созылған карнавалды тамашалауға биыл 400 мыңнан астам адам келген. «Басым бөлігі туристер» деген ұйымдастырушылар фольклорлық фестивальдың арқасында екі жыл тұралаған туризм саласына қан жүгірді деп разы.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу