Қыран құс не алмайды салса баптап...Атырауда құсбегілердің республикалық чемпионаты өтіп жатыр. Оған еліміздің әр өңірінен бүркіт баулып, қыран баптаған 41 құсбегі қатысты.
Жайық жағалауы қиқуға бөленді. Бұл атырапта осымен үшінші рет қыран қалықтады. Еліміздің әр өңірінен келген 13 команда бекзат өнердің мерейін асқақтатты. Сәні мен салтанаты келіскен саятшылардың осалы жоқ. Бүркіттері де бабында.
Атқұрман Қайдарұлы Шығыс Қазақстан облысы атынан сайысқа қосылды. Мақсатым жүлде алу емес, ұлттық құндылықты насихаттау дейді. Ақсұңқары 5 жаста. Балапан күнінде Тарбағатай тауынан алған.
Айтқұрман Қайдарұлы, құсбегі:
Қазір 66 жастамын мен. Енді бұдан кейін көп құс көтермеуім мүмкін. Енді осыны ұрпақтарға жалғастырсам, ұрпақтар көтеріп, осы қазақтың ұлттық өнерін солар дамытса деп ойлаймын.
Төл спорттың туы тігілген сайысқа 40 шақты құсбегі жиналды. 30 бүркіт, 10 ителгі, 11 қаршыға жарыс жолына қосылды. Бәсекеде құсты қолға шақыру, шырғаға, кептерге, қоянға, қорқауға салу сияқты тапсырмалар берілді. Он төреші қазылық етеді. Біз де тымақ киіп, дайындық барысында бағымызды сынап көрдік.
Жандос Темірғали, тілші:
Қазір менің қолымда Ұлытаудың бүркіті. Жасы 4-те. Салмағы едәуір. Қолға қондыру әдісі бойынша жаттығу жасап көреміз. Томағасын сыпырамыз. Ал, көрейік. Кетті міне. Алар ма екен құсбегі? Ой, алды бәрекелді!
Дәстүр жанашырлары ұлттық кодымызды айқындайдын құндылығымызға әлі де қолдау керек деп отыр. Құсбегілер – киелі өнермен алаңсыз айналысуы тиіс. Ол үшін әр өңірден салалық клубтар ашылуы керек.
Әбдікәрім Қошқаров, халықаралық дәрежедегі төреші:
Өнерді өлтіру оңай. Елемей қойса болды тек. Елеусіз қалып жатыр көп өнер. Тениске, футболға, волейболға, баскетболға ақшаны аямай бөледі де, ал, мына нағыз дамытатын, қаражат керек өнерге көп көңіл бөлмейді. Жарыстарда да тігілетін бәйгелер онша көп болмайды.
Чемпионат ертең қорытындыланады. Жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа ие болады. Әзірге «Қолға қондыру» айналымында 18 бүркіт келесі кезеңге жолдама алды.
Жандос Темірғали