Ұлттық мұрағат сирек қолжазбалармен толықты. Өткен ғасырдан бері еш жерде жарияланбаған Алаш зиялыларының құжаттары мен тың деректер Еуропа мен Ресейдің мұрағаттарынан табылған. Ғалымдардың пайымынша, жаңа мәліметтер шежіремізді айқындап, тарихи ақтаңдақтарды жоюға мүмкіндік береді.
Ламбриан Топузидис, тілші:
Көріп тұрғандарыңыздай, біз Ұлттық мұрағаттың қоймасындамыз. Осында шетелдерден әкелінген мыңдаған құжат пен қолжазба сақтаулы. Өңдеуден өтіп жатқан құжаттар әлі де түсіп жатыр. Деректер осы қораптарда белгілі бір температурада сақталады. Мысалы, осы шетел мемлекеттері архивінен, кітапханаларынан алып келінген құжаттарды алып көрсек, бұл жерде Мұстафа Шоқайдың өз қолымен жазылған қолжазбасын көріп тұрмыз.
Тек осы бөлімде ғана тарихи мәліметтерге тұнып тұрған 14 мыңдай құжат бар. Әрқайсысы ғылыми диссертация жазуға тұрарлық дүниелер.
Қазақ мемлекетін құру ісіне белсене қатысқан Алаш зиялыларының жазбалары бізге көбіне шағатай тілінде жеткен. Сөздердің астарында не жатқанын білу оңай емес. Біраз уақыт қажет етеді. Жазбалардың басым бөлігі аумалы-төкпелі заманда өртеніп, жоғалды. Алайда, Түркия, Германия, Венгрия, Чехия мен Татарстан мұрағаттарында түп нұсқалары әлі күнге сақтаулы. Ғалымдар енді елге қайтарылған 7 мыңдай қолжазбаны зерттеуге кіріспек.
Әбу-Асқар Мекешұлы, ҚР Ұлттық мұрағатының бөлім жетекшісі:
Шетелден әкелінген Қазақстан тарихына қатысты барлық фото, фотоқұжаттар мен карталар жинақталған. Бұл әлі жұмыс жобасы. Барлығы бір жерде жинақталып, осылай кітапханаларға, ғылыми орталықтарға таратылса, сол жерден тарихшылар зерттеуге мүмкіндік алады.
Тарихи құжаттар мен сирек қолжазбалардан бөлек өткен ғасырдағы қазақ даласының өмірінен сыр шертетін фототуындылар да табылды. Бұл - шетелдік саяхатшының назарына іліккен адам бейнелерінің үлкейтілген нұсқасы.
Мақпал Мырзақасымова, ҚР Ұлттық мұрағатының қызметкері:
Жиырмасыншы ғасырдың 70-ші жылдарындағы бір белгісіз ол кісі тарихшы болды ма, фотограф болды ма ол белгісіз ол жағынан. Бірақ Қазақстанның қалаларын 200-ге тарта адамды суретке түсіріп, архивке өткізген. Чех архивіне өткізіп болған. Бірақ енді ешқандай уақыты, аты-жөні көрсетілмеген ешқайда.
Шетелдік мұрағаттарда мәліметтерді іздеу науқаны әлі де жалғасын табады. Қазақ тарихына қатысты табылған деректер ұмыт қалған тұстарды айқындап, ақиқатын ашуға көмектеседі. Кейін ол мектеп оқулықтарына енгізілмек.
Ламбриан Топузидис