Талдықорғанда жылу құбырларының 65 пайызы тозған. Соның кесірінен осы қыста 10-нан астам апат болып, тұрғындар бірнеше рет жылусыз қалды. Жетісу облысына барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жылу орталығының жағдайын көріп,өзге де өндіріс нысандарын аралады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Талдықорғандағы «Басқуат» орталық жылу қазандығының салынғанына 40 жылдан асты. Содан бері қондырғыларының 85 пайызының тозығы жеткен. Ал сырттағы құбырларының 65 пайызы ескірген. Биылғы жылыту маусымының өзінде 13 апатты жағдай тіркелген.
Бұл қазандық 500 ден астам көпқабатты, 1000-нан астам жеке тұрғын үй мен 135 бюджеттік мекемеге жылу беріп тұр. Облыс орталығына биыл тағы 2 ықшам аудан қосылады. Қазандықтың қуатын арттыру үшін энергокешенді жөндеу қажет. Әрі көгілдір отынға ауыстыру жоспарланған. Бірақ, оған жергілікті бюджетте ақша жоқ.
Әсет Масабаев, қала әкімі:
Газдың қуаты жетеді қазіргі таңда. Бұл енді өз кезегінде республика тарапынан қолдау болса, жобаның жалпы құны 25 млрд болып отыр.
Газға ауыстыру маңызды. Біз газға ауыстыру, көшіру сұрағын қолдаймыз.
Биыл 132 мың тонна қант өндіру көзделген. Ақпан айынан бастап Көксу қант зауыты 40 мың тонна қант құрағынан шекер шығаруда. Ал наурыз айынан Ақсу қант зауыты да қамыстан тәтті өндіруді бастайды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Облыстағы қант өңдеу зауыттары шығаратын өнімдерін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1-2 жылда 180 мың тоннаға дейін жеткізу деген тапсырма тұр. Сол үшін бәріміз жабылып, жұмыла жұмыс жасауымыз керек.
Премьер- Министр бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіп нысандарын да аралап көрді. Тұрғындармен кездесіп, жұмысшылармен пікір алмасты. Жаңадан құрылған облыстың басшыларына инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу сынды бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Қуаныш Қанатұлы