Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті

24.02.2023

Мәжіліс және мәсихат депутаттарының сайлауына санаулы күн қалды. Саяси науқанға қатысатын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. 

«AMANAT» партиясының сайлауалды штаб өкілдері үгіт-насихат жұмыстарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Алдымен Зайсан аудандық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласын дамыту шараларын талқылады. Одан соң, Зайсан және Тарбағатай аудандарына ат басын бұрды. Онда шекаралас елді мекендердегі көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылды. Жалпы, штаб мүшелері Шығыс Қазақстан облысындағы ардагерлермен, кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарымен және жастарымен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын кеңінен талқылады. «AMANAT» партиясы Парламент мәжілісі сайлауына 90 кандидат ұсынған. Сайлауалды бағдарламасымен елдің барлық өңірлерін аралауды жоспарлап отыр.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Біз тек облыс орталықтарындағы ғана емес, шалғайдағы елді мекендерде тұратын сайлаушылармен де кездесіп жатырмыз. Еліміздегі шекара маңындағы аудандарда медициналық қызметтердің қолжетімділігі, жолдардың сапасы, интернеттің болуы сияқты т.б. өзекті мәселелер бар.

«Ауыл» партиясының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін саяси ұйым атынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттар елордадағы электротехникалық зауытқа барды. Ұжымымен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Саяси ұйым өкілдері кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен және өндіріс орнындағы еңбек жағдайымен танысты. Еңбеккерлер өздерін мазалаған сауалдарын қойып, көкейдегі түйткілдерін айтты. Партия өкілдері қордаланған мәселелердің шешу жолдарын талқылады.

Ал саяси ұйымның өңірлерді аралап жүрген жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысындағы жылыжайға ат басын бұрды. Көмір жылуымен өсірілетін лимон, банан және ананас бақтарын көріп, баптаушыларымен әңгімелесті. Мәселен, лимон бағынан жылына 10 тоннадай өнім шығады, - дейді кешен жұмыскерлері. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізушілер жылыжай мамандарына партияның тұғырнамасын таныстырып, саяси науқанның жай-жапсарына тоқталды. Мұнан соң, «Ауыл» партиясының өкілдері науқан барысын еліміздің солтүстік аймағында жалғастырмақ. Бұған дейін саяси ұйымның белсенділері Алматы қаласына, Жамбыл және Абай облыстарына барған болатын. Саяси ұйымнан сайлауға түсуге 25 үміткер ұсынылған.

«Respublica» партиясы шырайлы Шым қалада! Партия жетекшілері мен өкілдері оңтүстік өңірде сапарын жалғастырып жатыр. Әуелі қаладағы бас штабқа аялдады. Үгіт-насихат науқанының алғашқы алты күніне сараптама жасап, алдағы жоспарларын нақтылап алды. Мегаполистің жай-күйі келесі болған ауқымды іс-шарада айтылды. Басқосуда тұрғындар күнделікті жиі кездесетін мәселелерді көтерді. Ал партия өкілдері өздерінің ұстанымдарын білдірді.

Руслан Берденов, «RESPUBLICA» партиясының тең төрағасы:

Үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біздің партиямыз бүгінді таңда Алматы, Астана, Талдықорған, Сарыөзек, Қонаев, Тараз, Шымкент қалаларында болды. Алтыншы күннің қорытындысы ретінде 30 мыңнан астам адаммен жолықтық. 30 мың адамның 70 пайызы жастар.

Қазақстан Халық партиясының республикалық сайлауалды штабы Павлодар мұнай-химия зауытының ұжымымен кездесті. Компания жергілікті мұнай өңдеу кәсіпорны базасында жұмыс істейді. Онда бензин қоспалары мен полиПроПилЕн түйіршіктері өндіріледі. Үгіт-насихат тобының мүшелері оларға партияның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіріп кәсіпорын жұмысшыларының ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Владимир Нагыманов, ҚХП Республикалық сайлауалды штабының мүшесі:

Біз депутаттыққа кандидаттармен бірге осы өңірдегі басты кәсіпорын саналатын мұнай-химия зауытына келдік. Мұнда 900-ден астам адам жұмыс жасайды. Ұжымға партиямыздың бағдарлама мазмұнын таныстырдық. Осындағы еңбек адамдарымен пікір алмастық. Түрлі ұсыныстар талқыланды.

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері киелі Түркістан өңіріне ат басын тіреді. Республикалық штаб басшылығы Түлкібас ауданындағы бірқатар елдімекендерде болып, ауылдағы ағайынмен жүздесті. Әуелі Түлкібас кентіндегі мектепте ұстаздармен кездесу өткізді. Одан кейін Рысқұлов және Қожанберді ауылдарында тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Жасыл желегі жайқалған Түлкібас ауданында экологиялық проблемалар аз емес. Партия белсенділері қордаланған мәселелерге қанығып, оның шешу жолдарына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Еркін диалог барысында жиналғандарға алдағы саяси науқанның маңыздылығы да кеңінен түсіндірілді.

Қайрат Айтбай, «Байтақ» Жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:

Елді мекендердің жалпы айтқанда сайлауға дайындығы жоғары деп айтуға болады. Неге десеңіз, жергілікті биліктің оған жағдай жасағаны көрініп тұр. Алдымызда келе жатқан сайлау жоғарғы деңгейде, ұйымдасқан деңгейде, саяси деңгейде өтеді деген ниеттеміз. Оны бір ауылдан бір ауылға көшіп, бір штабтан бір штабта жұмысымен танысып жатқанда көзіміз жетіп отырғаны сол.

«Байтақтықтар» алдағы бірнеше күнде Түркістан облысының Түлкібас ауданының елдімекендерін түгел қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, саяси ұйым өкілдері Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорынды аралап, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Республикалық штаб өкілдерінен бөлек, аймақтардағы штабтары аудандарды аралап жүр. Үгіт-насихат аяқталғанға дейін барлық облысты аралауды жоспарлап отыр. Өңірлердің барлығына үгңіт-насихат материалдары толық жеткізілген. Сондай-ақ облыстарда халық санына қарай 200-ден аса ерікті жұмысқа тартылған. Айта кетейік, алдағы сайлауда облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына 18 кандидат ұсынылып отыр.

«Ақ жол» партиясының кандидаттары Қызылорда облысында үгіт-насихат жұмысын жалғастырды. Сыр елінде ақжолдықтар бірнеше мекемені аралап, жұмысшылармен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны жіті таныстырып, көпшілік қойған сұрақтарға жауап берді. Саяси науқанның маңызы түсіндірілді. Аймақтағы бизнестің даму қарқыны талқыланды. Сондай-ақ, мамандармен жол құрылысындағы қордаланған мәселелер ортаға салынды. Екі жақты пікір алмасу ашық диалог форматында жүргізілді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан депутаттыққа үміткерлер елордалық сайлаушылармен кездесті. Студенттер мен жас мамандарға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы жіті түсіндірілді. Жиылғандар білім беру және жұмыспен қамту мәселелері, сондай-ақ медицина саласы бойынша өз ойларын ортаға салды.

Асхат Рахымжанов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының төрағасы:

Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймыз. Кездесуге келген жастар ашық түрде пікірлерімен бөлісті. Сұрақ-жауап алмастық. Олардың белсенділігі ерекше қуантты. Жалпы біз, үгіт-насихат жұмыстарын еліміздің барлық өңірінде өткізіп жатырмыз. Аймақтық штаб өкілдері өз өңірлеріне қарасты елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесу ұйымдастыруда.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу