Батыс Қазақстанда тікұшақ құлаған аумақ қатаң бақылауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда тікұшақ құлаған аумақ қатаң бақылауға алынды

24.02.2023

Батыс Қазақстан облысында тікұшақ құлаған аумақ қатаң бақылауға алынды. Апат болған аймақта авиациялық оқиғаларды тергеу басқармасы, полиция, төтенше жағдайлар қызметі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Апаттан аман қалған аға инженер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Тікұшақ құлаған аймақтан тілшіміз Ардақ Мұратқызы баяндайды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей, біз қазір тікұшақ апатты жағдайда қонған оқиға орнынадамыз. Бұл жер Орал қаласынан 60 шақырым қашықтықта. Осының 7 шақырымында мүлдем жол жоқ, өйткені түнде боран болып, қар басып қалған. Бұл жерге тек құтқарушылардың арнайы көлігімен жетуге болады. Осыдан 20 метр әрі қарай бізге өтуге рұқсат жоқ. Өйткені арнайы мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Тікұшақ жерге соғылып қонғанда екіге бөлініп кеткен. Айналасында дөңгелек және басқа бөлшектері шашылып жатыр. Аумақты құзырлы орган өкілдері қатаң бақылауға алған. Тікұшақ «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшқан. Қырда қар астынан мұнай құбыры анық көрініп жатыр. Жол талғамайтын көлік болмаса, оқиға орнына жету мұң. Апат аймағына бұрылатын жолда полиция тұр. Ешкімді өткізбейді.

Тікұшақ апатынан аман қалған екі адамның бірі - аға инженер Сергей Щеглов. Атыраудың тумасы 42 жылдан бері құтқару қызметінде еңбек етіп келеді. Жасы - 62-де. Білікті маман апаттың себебін тап басып айта алмады.

Сергей Щеглов, аға инженер:

Апаттың қалай, неден болғанын білмеймін. Үш сағат бойы ұштық. Бәрі керемет еді. Ауа райы да жақсы болды. Мен артта конспект оқып отырғам, кенет бір сәтте, көзді-ашып жұмғанша жерге топ ете түстім. Әрі қарай есімді білмеймін. Басымнан қан ағып жатқанда ес жидым. Құтқарушылар келмесе, өзім шыға алмас едім. 

Қазір екі науқас та қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Олар бас сүйегінің жабық жарақатын алған.

Еркін Ахбалин, қалалық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі:

Науқастардың жалпы жағдайы түскен кезде орташа болды. Санасы анық. Қойған сұрақтарға жауап берді. Түнде ұйықтап шықты. Барлық ем толығымен жүргізіліп жатыр.

Көрер жарығы бар екінші адам - «ҚазТрансОйл» мекемісінің жұмысшысы 36 жастағы Сұлтанбек Ерғалиев. Дәрігерлер науқастарды әлі 5-6 күн бақылауда ұстайды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу