Жетісу облысында қар қалың аумақтарға бақылау күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында қар қалың аумақтарға бақылау күшейтілді

22.02.2023

Биыл Жетісу облысының таулы аймақтарына қар жылдағы мөлшерден 20 пайызға көп түскен. Бұл жағдай қар көшкініне алып келуі мүмкін. Соңғы күндері ауа райы да күрт жылынып, ақ ұлпа ерте ери бастаған соң қар қалың аумақтарға бақылау күшейтілді. Жалпы бұл шаһардың маңында 35 қар көшкіні жүру қаупі бар, қазір мамандар сол жердің бәрін аралап, тексеріп, жағдайды бақылауға кірісті. Қар қалың әрі жұмсақ болғандықтан қармен жүретін арнайы техника да әрең қозғалады. Дегенмен, мамандар екінші кардон деп аталатын аумақтың жағдайын біліп қайтты.

АЙТБЕК САЗАНБАЕВ,  «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ ТЕКЕЛІ ӨНДІРІСТІК ПАЙДАЛАНУ БӨЛІМІНІҢ ИНЖЕНЕРІ:

Теңіз деңгейінің биіктігімен есептегенде 1450 метр биіктікте тұрмыз. Қардың биіктігі 79 сантиметр. Бұдан жоғары 1750 метр биіктікте қардың биіктігі 1 метр 10 сантиметр болған.
Кей жерде қар қалыңдығы 1,5 метрге дейін жетеді. Ең бастысы, ол аймақта адам жүрмейді. Қар көшкіні бола қойған жағдайда елді-мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Ал казгидромет болжамы бойынша, наурыз айының басында термометр бағамы 10 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Сондықтан мамандар қазірден бастап өзен-көлдердегі су деңгейін бақылауда ұстап отыр.

БАУЫРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Текелі қаласы бойынша төрт өзен ағып жатыр. Күнделікті су деңгейі бақылануда. Одан басқа каналдар мен арықтар бақыланып, тазартылып жатыр. Бүгінге дейін 300 текше метр қар шығарылған.
Тауда қар қалың болса ылғал да мол болады. Бұл енді көктем мен жаз айларында төменде отырған диқан мен бағбанның несібесі. Ал дәл қазір төтенше жағдайлар қызметкерлерінің алдында тасқынның алдын алу міндеті тұр.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу