Кітап оқып жүрсіз бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кітап оқып жүрсіз бе?

18.02.2023

Оралда кітапқұмар көпбалалы ана тұтас ұжымды кітап оқуға құлшындырып келеді. Республикалық «Айбоз» сыйлығының бас жүлдесіне лауреат атанған комикс авторы кітаптан түскен қаржысының бір бөлігін Түркияға көмек ретінде жолдамақ. Ал, тағы бір кәсіпкердің кітап бизнесі он жылдан кейін берекелі табыс көзіне айналған.

Кітапқұмар Индира – көпбалалы ана. Жылына кемінде он кітап оқиды. Бес жыл бұрын Bookdating Aqjaiyq атты топ құрып, Оралда кітап оқитын ортаның қалыптасуына ықпал етті.

Индира Бадақова, кітапқұмар:

Балалық кезде үйден кітапты алып, шөптің үстіне барып, оқып жатып ұйықтап кететін балалардың бірі болдық. Қазір «Бірге оқимыз» жобасын ұжымда өткізіп жатырмыз. Ай сайын ұжым қызметкерлерімен кітап оқимыз. Қазақ классикасынан бастадық. Бес жылда 40 шақты кітап оқыған болармыз.

Индира секілді ізденімпаз жандардың керегін тауып беріп, кітап шығарып, дүкен ашқан санаулы азаматтардың бірі – Жантас Сафулин. Үш жыл бұрын кәсібін бастағанда пандемия жайлап, шығындалды да. Алайда ісін онлайн жалғастырып, шығармашылықпен айналысты. Аймақта балаларға арналған тұңғыш комикс шығарып, республикалық «Айбоз» сыйлығының бас жүлдесінің лауреаты атанды. Кітап шығару ісін - тіл мен тәуелсіздік үшін көрінбейтін күреске теңейді.

Жантас Сафулин, кәсіпкер:

Біз ең бірінші мақсат етіп қаржылық пайда табуды қойған жоқпыз. Бір-ақ нәрсе, біз, мысалы 2020-21 жылы бастадық. Қазір әлемде үлкен соғыс болып жатыр. Біз сол кезде осындай ықтимал жағдай бар екенін сезіндік ертеректен. Себебі біз тілді қазірден бастап қорғамасақ, кеш қаламыз. Бұл – қазақ тілін қорғауға бағытталған әрекетіміз.

Шағын кітап дүкенінің тұрақты келушілері бар. Олардың бірі смартфонға құмартқан заманда балаларға кітап оқытудың құпиясын бөлісті.

Гүлвира Мәтжанова, қала тұрғыны:

Менің өзімнің техникам былай, оқып жатам да, әбден қызық жеріне келген кезде кітапты жауып тастаймын. Сосын ол қызық қой, мен қазір ол кітапты оқи алмаймын, менің шаруаларым бар деймін. Сосын ол бала қызығып, өзі алады кітапты.

Кәсіпкерлер жақсы кітап ұсынып, көптің сауатын ашып қана қоймай, айналасын жұмыспен қамтып отыр. Кітап бизнесі де - қазақтың қолынан келетін керек кәсіп дейді он жылдық тәжірибесі бар маман.

Абзал Құспан, заңгер:

Бұл жердегі ең басты кілт неде? Идеялас, рухтас азаматтардың бірігіп, бас қосып, тізе қосып қимылдауы. Мысалы, кітапқа ат қою деген мәселе туындады. Марқұм Бейсен Құранбек досымыздың ұсынған нұсқасы ұнады: «Әлдиден эпосқа дейін» деген. Жалпы «Отбасы хрестоматиясы» деген сериямен тағы да кітаптар шығарамыз деген идеяны Ғалым Боқаш ағамыз ұсынды.

Кейіпкерлеріміздің айтуынша, кітап алушылар, яғни кітап оқитын адамдар көп. Шындығында солай ма?

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей, пікір әртүрлі. Бірақ кітап - мәңгі. Мына тұрған ескерткіштей ұрпақпен бірге жасай бермек. «Кітап оқитындар телефонға телміргендерді басқарады» деген тәмсіл бар. Ал сіз қалай ойлайсыз? Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу