Түркияның Газиантеп қаласына гуманитарлық жүк жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның Газиантеп қаласына гуманитарлық жүк жеткізілді

18.02.2023

Түркияның зілзала болған аймағына Қазақстаннан гуманитарлық жүк тиеген кезекті ұшақ жетті. Зілзаладан зардап шеккендерге шатыр, жылытқыш, жылы киім және басқа да қажетті заттар жіберілді. Осы ұшақпен біздің құтқарушыларымыздың алғашқы легі елге қайтады.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Дәл қазір біз Газиантеп қаласындағы халықаралық әуежайда тұрмыз. Жаңа ғана Қазақстаннан гуманитарлық жүк тиеген ұшақ осында келіп қонды. Қазір біздің құтқарушылар ол жердегі жүкті көлікке тиеп жатыр. Одан кейін бұл ұшақ біздің құтқарушыларды алып, Алматы қаласына қарай жол тартпақ. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрахим Күлшімбаевтың айтуынша, құтқарушылар 10 күн ішінде Түркиядағы алға қойған мақсаттарын барлығын орындады. Түрік халқының да біздің құтқарушыларға алғысы шексіз екендігін жеткізді.

Ибрахим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:

Осы 10 күнде Түркияның Газиантеп, Нұрдағы, Хатай қаласында көмек көрсеттік. Құтқару жұмыстарын ұйымдастырдық. Оңай болған жоқ. Жер сілкіністер жалғасып жатты. 3-4 балға дейін. Ауа райы салқын болды. Соған қарамай, біздің құтқарушылар өздерінің кәсіби маман екендерін көрсетіп, Түркиядағы халықтың және Түркиядағы әріптестерінің алғыстарын алып жатыр.

Жалпы, біздің құтқарушылар үйінділер астынан 8 адамды аман алып шықты. Сондай-ақ, 88 адамның жансыз денесін де шығарды. Біздің құтқарушылар Газиантеп қаласында 3 учаскіде және Нұрдағы қаласындағы 1 учаскіден жұмыс істеді. Құтқарушылар еңбегіне жергілікті халықтың алғысы шексіз. Арнайы сыйлық, марапатпен шығарып салып жатыр. Бұдан кейін тек жақсы күндері жолығайық деген тілектерін білдірді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу