Отандық тауар өндірушілерді қолдау жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық тауар өндірушілерді қолдау жалғасады

17.02.2023

Еліміздегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер өзара байланысты нығайтуы керек. Сонда ғана баға тұрақтанып, экспорттың әлеуеті артады. Ал Үкімет шаруаларды қолдауды жалғастыра береді. Бұл мәселе Премьер министрдің орынбасары-сауда және интеграция министрі-Серік Жұманғариннің Шығыс Қазақстан облысымен кездесуінде талқыланды.

Владимир Гуровскийдің шаруашылығы 12 мың гектар жерге майлы және дәнді дақылдың бірнеше түрін егеді. Аграрлық салада тәжірибесі мол маман субсидия және тыңайтқыш бойынша біраз шешілмеген мәселе бар екенін айтты.

Владимир Гуровский шаруа қожалығының жетекшісі:

Қазақстанда өндірілетін тыңайтқыш жыл сайын қымбаттап барады. Бастапқыда ұсынылған баға дәл сатып алуға келгенде өзгеріп шыға келеді. Тіпті, бір маусымда бірнеше рет құбылады. Осы реттелсе екен.

Еліміздегі жалғыз тыңайтқы зауытында өнімнің екі түрі ғана шығады. Сондықтан агрохимикат мәселесінде еліміз импортқа тәуелді. Есесіне шаруалардың оған жұмсаған қаражаты субсидия ретінде қайтарылады. Шемонайха ауданында халқыпен кездесуде тағы бір шаруа - Александр Рауш тері мен жүнді өткізу және оны өңдеу мәселесін көтерді.

Александр Рауш, Шемонайха ауданының тұрғыны:

Тері сойылған, жүн қырқылған жерінде қалып жатыр. Бұрын экспортқа кететін. Қазір оған жол жоқ. Енді Үкімет осы тері мен жүнді қабылдау мәселесін қолға алса. Ал өңдеу мәселесі ол өз алдына.

Жиында азық-түлік бағасы да сөз болды. Бұл тұрғыда әр өңірде құрылған тұрақтандыру қоры бағаны сәл басуға септігін тигізіп отыр. Сондықтан биылдан бастап әр облыста ірі көкөніс қоймалары салынады. Оған Үкімет көмектеседі. Кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен несие беріледі. Ал мемлекеттен жеңілдетілген несие алған тауар өндіруші өнімнің аз дегенде 70 пайызын ішкі нарықта саудалауға міндеттеледі.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі:

Үкімет біраз іс-шаралар қабылдады. Азық-түлікпен халықты қамтамасыз ету үшін жаңа айналымдар схемасы бар.  Тұрақтандыру қорларының жаңа жұмыс жүйесі енгізілді. Соның бәрін қазір тексеріп жатырмыз. Баға қазір тұрақты. Қолжетімді.

Үкімет басшысының орынбасары ауыл шаруашылығы саласында тауар өндірушілермен де кездесті. Олардың іске асырмақ жобаларымен танысып, ұсыныс пікірлерін тыңдады.


Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу