Былтырдан бері елімізге 300-ден астам халықаралық IT компания көшіп келген. Оның 200-і санкциялардың кесірінен ісін жүргізе алмай қалған ресейлік фирма. Енді кеңсесін Астана хаб орталығына ауыстырып, кәсібін елімізде жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің департамент басшысы хабарлады.
Ерсұлтан Ермановтың айтуынша мұның IT саласын дамытып, салықтық түсімдерді арттыруда пайдасы мол. Бірақ кері жақтары да бар. Мәселен, өзімізде онсыз да жетіспейтін IT мамандары жалақысы жоғары шетелдік компанияларға ауысып жатыр. Сәйкесінше, отандық компанияларда кадр тапшылығы артты. Енді жауапты министрлік биыл 20 мың IT маманын оқуты көздеп отыр. Әрі Астана хаб секілді орталықтар өңірлерде де ашылмақ.
Мағжан Мәдиев, Astana HUB халықаралық технопарктің бас директоры:
Мүмкіндікті пайдаланып, әкімдіктерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Әр аймақта IT хабтарды ашқымыз келіп отыр. Онда салаға қызығатын жастарды оқытамыз, түрлі стартап жобаларды жасаймыз. Қызықты болса, инвестиция бөліп, іске асыруға да дайынбыз.