Қазақстанда 30 жыл зерттеу жүргізген америкалық археологтар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 30 жыл зерттеу жүргізген америкалық археологтар

17.02.2023

Қазақстан археология ескерткіштерін қорғауға жеткілікті көңіл бөлемесе, қазақ қана емес адамзат тарихына үлкен қиянат болмақ. Елімізде отыз жылдан бері қазба жұмыстарымен айналысып жүрген америкалық ерлі зайыпты археологтар Клаудия Чанг пен Перридің пікірі осындай. Біздің елдегі зерттеу жұмыстарынан кейін кітап жазған ғалымдармен Америкадағы тілшіміз арнайы барып жолығып қайтты.

Археологтар саналы ғұмырын қазақтың арғы тарихын ашуға арнаған жандар. Отыз жылдан бері елімізде қазба жұмыстарымен айналысып келеді. Тіпті, бірнеше жыл Қазақстанда тұрып, белгілі археологтар Карл Байпақов, Бекмұхамбет Нұрмағанбетовтармен қатар далалы жерлерде жүріп, қазақтың тарихын түгендеуге, тереңдетуге күш салды. Оның ішінде Қазақстанның кей өңірлерінде номадтардың жер өңдегін дәлелдейді. Сол арқылы көшпелі халықтар жайлы қалыптасқан таяз түсінікті өзгертеді.

Клаудия Чанг, археолог:
Талғар аймағында өмір сүрген адамдар біздің жыл санауымызға дейін мың жыл бұрын да егін салған. Олар бидай, арпа және тары секілді дәнді дақылдарды өсірген. Яғни тек мал баққан көшпелі салтты ұстанған жоқ. Әрі ауыл шаруашылығын игерді. Мұны халық үлкен жаңалық ретінде қабылдады.

Осы зерттеу нәтижесінде Клаудиа Чанг «Орта Азияның көне дәуір тарихын қайта қарау» атты кітабын шығарады. Мұнымен қоса тарихи орындардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін Алматы облысындағы жүздеген қорған мен қоныстарды тізімдеп, электронды картасын жасап, Археология институтына тапсырады. Алайда, көптеген тарихи ескерткіштердің көз алдымызда жойылып кеткені жүректі ауыртады дейді ғалымдар.

Перри Тортеллотте, археолог:
Міне мына аймақтардан біз көптеген қыш ыдыстарды таптық. Дәл қазір мына жол тура осы тарихи орындармен өтеді. Бұл тас жолдың археологиялық ескерткіштерге жақын төселіп жатқанын көргенде көңілім түсіп қалды. Бір үміт. Көп жерде жолдар терең қазылмай, биіктетіп салынып жатыр. Сондықтан қорғандар мен қоныстар бұзылмай сақталып қалса, келешекте зерттеу жүргізуге мүмкіндік туар.
Клаудия Чанг, археолог:
Басты проблема жерлерің көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Сондықтан археологиялық ескерткіштердің бұзылуына нақты кім жауапты екенін табу қиын. Тарихи орындарды қорғайтын заң бар. Бірақ, сол заңды жұмыс істетін тиісті мекемелердің пәрмені аз. Бұрын мемлекет қарауында болғанда кез келген жерде кедергісіз қазба жұмыстарын жүргізетінбіз. Жекеменшікке өткен соң ол жерлерге кіру мүмкін болмай қалды.

Археологтар осы жылы жетпіс бірге толды. Бірақ, қартайдық, қайғы ойладық деп тұрған қариялар жоқ. Сәтін салса биыл да Қазақстанға жол тартпақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу