Түркияда 10 күн бойы құтқару шараларын жүргізген қазақстандық құтқарушылар жұмысын аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда 10 күн бойы құтқару шараларын жүргізген қазақстандық құтқарушылар жұмысын аяқтады

17.02.2023

Алапат зілзаладан соң Түркияда 10 күн бойы іздеу-құтқару шараларын жүргізген қазақстандық құтқарушылар өз жұмысын аяқтады. Алдымен Нұрдағы қаласындағы 35 құтқарушы өздеріне тапсырылған учаскеде барлық жұмыстарды бітірді. 3 адамды үйінділер астынан алып шықты. Одан кейін Газиантеп қаласындағы құтқарушы топ та жұмысын аяқтап, техникалары мен құрал-саймандарын жиыстырды. Он күн ішінде біздің құтқарушылар 8 адамды үйінді астынан алып шықты. Газиантеп қаласында құрылған жылжымалы аурухана да жиналды. Дәрігерлеріміз осы күндері 140 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Оның он жетісі бала. Ертең құтқарушыларымыздың алғашқы легі елге орала бастайды.

Ибрахим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:
Берілген тапсырмаларды орындап, жұмыстарды аяқтап жатырмыз. Қолымыздлан келгенше күшіміздің бәрін салдық. Күн-түн демей кезекшілікке бөлініп құтқарушыларымыз жұмыс істеп жатыр. Өте қауіпті жұмыс екенін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Басқа мемлекеттердің, осы Түрік елінің құтақрушыларының да жарақат алғанын көріп жатырсыздар. Тәртіптің арқасында осы жұмысты аман-есен аяқтап жатырмыз.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу