Астанада заңсыз құрылыс жүргізуге тосқауыл қойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада заңсыз құрылыс жүргізуге тосқауыл қойылады

16.02.2023

Қаладағы бей-берекет құрылысқа тоқтау қойылады. Ол үшін арнайы заң дайындалып жатыр. Қажетті норма қабылданса, пысықайлар жоспарды өзгерте алмайды. Тұрғындарға уәделі әлеуметтік нысандар мен саябақтар берілуі үшін қандай тетіктер енгізіліп жатыр? Серік Селеубайұлы зерттеп көрді.

Тұран көшесі бойындағы Спорт сити тұрғын кешені маңында қазір аяқ алып жүретін жер жоқ. Уәделі әлеуметтік нысандардың орнына жан-жағын иін тірескен ғимараттар қоршап тұр. Тұрғындар заңсыз құрылысты тоқтату үшін тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Тіпті сотқа да жүгінді. Алайда мердігерлер құйтұрқы жолмен рұқсат алып, жұмысын жалғастырған. Қазір бұл нысандар қолданысқа беріліп үлгерді. Қала әкімімен болған жиындарда бұл сұрақ та жиі көтеріледі.

Тұрсын Жақпарова, қала тұрғыны:

Бей-берекет салынған құрылыстар мәселесі Астанада өте өткір. Біздің аулада заңсыз тұрғын-үй салынды. Ол барлық смета мен нормаға қарсы. Салдарынан инженерлік, коммуналдық, канализациялық желілер шыдамайды. Өйткені ол үйлер бас жоспарда жоқ.
Ел бойынша осындай құрылыстар көптеп саналады. Бұл туралы президент те бірнеше рет айтқан болатын. Тіпті заңсыз жұмыстарға рұқсат бергендерді жауапқа тарту туралы тапсырды. Өйткені заңсыз нысандар кей аудандардағы жүктемені көбейтіп, қажетті қызметтердің тапшылығын тудырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті. Яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе «Мыңжылдық» аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады. Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы Олимп Палас-2 тұрғын үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған. Мұндай құрылысты біржола доғару керек.
Ол үшін қаланың бас жоспарын қалағанша өзгертуге тосқауыл қою керек. Қазір жауапты министрлік арнайы нормалар дайындап жатыр. Оған сәйкес, кез-келген өзгеріс жеті рет өлшеніп барып қабылданады.

Руслан Лепесов, ҚР ИИДМ Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры:

Қазір қала құрылысы бойынша шешімдерді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Біз бұл құжаттардың бәрі біздің сараптамадан өткенін қалаймыз. Оның қорытындысы оң болса ғана әкімдіктер мен мәслихаттар бекітуі керек. Бас жоспарға енгізілетін кез-келген өзгеріс сараптамадан кейін ғана енгізіледі. Яғни, заңсыз құрылыстарға жол берілмейді.

Бұл өзгерістер наурызда депутаттар талқысына шығарылады. Одан бөлек актілер мен нормалардың санын азайту, заңдағы кей қайшылықтарды жою мақсатында Құрылыс кодексі әзірленіп жатыр. Ол бұл саланы реттейтін ең жоғары құжат болмақ.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу