Лондонда ескі көлік жүргізушілері қала орталығына кіру үшін ақы төлеулері керек. Төрт жыл бұрын қолға алынған бастама қоршаған ортаның тазаруына ықпал етті. Енді шаһар басшысы Садик Хан ауаны ластағаны үшін салықты шеткі аймақтарға да енгізуді жоспарлап отыр отыр. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тарқатсын.
Марина Бекенова, тілші:
Қазір мен Лондон орталығындағы аудандардың бірінде тұрмын. Ескі көлік иелері бұл аймаққа кіргені үшін лас ауа салығын - 7 мың теңге төлеулері керек. Бұған қоса кептеліс салығы тағы бар. Ол 9 мың теңге. Сондықтан жүргізушілер бұл көшелерді сырт айналып өтуге тырысады.
Соңғы ғылыми зерттеулерге сәйкес, бастама жемісін беріп, атмосфераға тарайтын азот оксидтерінің қалдықтары 46 пайызға азайғаны белгілі болды. Ауаны ластайтын көліктердің саны 60 пайызға кеміген.
Садик Хан, Лондон қаласының мэрі:
Жыл сайын 4 000-нан астам қала тұрғыны лас ауадан ерте қайтыс болып жатыр. Көзге көрінбейтін зиянды қалдықтардан ересектер мен балалар тыныс алу, жүрек, обыр, деменция ауруларына ұшырауда.
Мэрияның мәліметінше, орталықтан тысқары тұратын 5 миллион адам әлі де лас ауа жұтып жүр. Сондықтан тамыздан бастап тозығы жеткен көлікпен жүретіндерге түгел лас ауа салығын салу ұйғарылды. Экологиялық талаптарға жауап бермейтін 200 мыңдай көлік иесі наразылық білдіріп, көшеге шықты. Қымбаттаған тұста халыққа қиын болады дейді. Үкімет басшысы Премьер-министр Риши Сунак та наразы. Бірақ оппозициялық партия мүшесі Садик Ханның шешімін ол тек сот арқылы ғана тоқтата алады.
Марина Бекенова