Елордада жекеменшік мектептердің саны 600-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жекеменшік мектептердің саны 600-ге жетті

14.02.2023

Мектептердегі орын тапшылығын шешудің бір тиімді тетігі – ақылы, яғни жекеменшік мектептерді ашу. Қазіргі таңда елімізде жекеменшік мектептің саны 600-ге жуықтады. Онда 60 мыңнан аса оқушы білім алып жатыр.

Білім алу - инемен құдық қазғандай» деп жатамыз. Ал, білім беру күректеп ақша тапқандай бизнес екен. Мысалы, Астанадағы жекеменшік мектептердің бірінің сайтында оқу құны кестемен көрсетілген. Теңгеге шаққанда 1-2 сынып оқушысы үшін жылына 7 млн теңгеге жуық, ал 10-11 сынып оқушысы үшін 12 млн төлеу керек. Әлбетте, ақылы мектептің бәрі бірдей мұншалықты қымбат емес. Бір жылдық оқу құны 1,5-2 млн теңге болатындары да бар. Хош, ақылына ақы сұрайтын мектептер жыл сайын көбейіп келеді. Бұған үрке қарауға да болмайды. Себебі, шетелде қалыпты һәм әуелден қалыптасқан білім беру тетігі. Жекеменшік мектеп инвесторлардың ақшасына салынады. Тіпті, мемлекетке көмек десек те болар. Елімізде мемлекеттік және жекеменшік мектепке барлық талап бірдей. Ал, білім сапасы қандай?

Майра Мелдебекова, ҚР Оқу ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:

Нақты жекеменшікте білім сапасы жақсы немесе мемлекеттік мектепте жақсы деп айтуға келмейді. Жалпы, әрбір мектептің білім беру қызметінің сапасына байланысты. Сапа дегеніміз әртүрлі критерийлерден, материалдық база, педогогтардың сапасы - барлығынан құралады.
Білім беру бағдарламасы ұқсас болғанымен, білім беру тәсілі әртүрлі. Ақылы мектептерде мемлекеттік оқу орындарына қарағанда айырмашылық көп.

Мейрам Жакенов, жекеменшік мектеп директоры:

Басқа мектептерден біздің айырмашылығымыз - мектептегі баланың саны. Біздегі ең көп бала саны - 22. Одан бір бала артық емес. Ал қазақ сыныптарда 7 баладан 18 балаға дейін бар. Жай мектептер олай істей алмайды. 7 бала үшін бір сынып ашпайды.
Астана қаласында 2022-25 жылдар аралығында тағы 14 ақылы мектеп ашу жоспарланып отыр. Тұтас ел бойынша жекеменшік мектептің саны 600-ге жеткен. Қорыта айтқанда, ақылы мектептер арасында оқу бағасы ғана емес, білім сапасы да өсе берсе игі.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу