Газиантептегі құтқару жұмыстары аяқталып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газиантептегі құтқару жұмыстары аяқталып келеді

14.02.2023

Қазір Газиантеп қаласындағы қазақстандық құтқарушылар жұмыс істеп жатқан жерде тұрмын. Неше күннен бері үш ғимараттың үйінділерінен адамдарды құтқарған біздің мамандар екі нысандағы жұмыстарын бітіріп, қазір соңғы үшінші ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына жердегі сегіз қабатты үйдің орны түгелдей тазартылған. Бір кездері қала орталығындағы әсем ғимарат пен жүздеген пәтерлерден қалғаны мына заттар. Тұрғындардың жеке заттары қазір ешкімге қажет болмай жерде жатыр. Апаттан кейін 9 күн өтсе де, жергілікті халық әлі де зілзаланың қорқынышынан арылмаған. Енді солардың апат туралы, біздің құтқарушылар жайлы пікірлерін тыңдап көрейік.

Селчук Дагыдевлет, Газиантеп қаласының тұрғыны:

Мен сегізінші қабатта тұрам. Жер сілкінген кезде ұйықтап жатқан едік. Атып тұра, сыртқа қашып шықтық. Бірақ, шүкір, үйіміз де, дүкеніміз де құламады. Бірақ қарсы беттегі құлаған үйде достарымыз тұратын еді. Олар апаттан құтыла алмады. Ешкімнің басына бермесін. Қазақстандық құтқарушылар сол үйден бірнеше адамды тірі алып шықты. Оларға алғысым шексіз.
Барыш Кая, Газиантеп қаласының тұрғыны:

Мен 12-қабатта тұрам. Жер сілкінген бетте қорыққаннан аяқ қолым істемей қалды. Ешқайда қаша алмай үйде отырып қалдым. Терезеден қарасам, көшенің қарсы бетіндегі үйлер құлап жатыр екен. Зілзала басылған бетте отбасымызбен далаға қашып шықтық. Қазақстандық құтқарушыларға және барлық қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Бүгінге дейін біздің жігіттер 7 адамды үйінді астынан аман алып шыққанымен, өкінішке қарай 83 жансыз дене де шығарды. Ал біздің құтқарушылармен бірге келген дәрігерлер тобы 74 адамға адамға алғашқы дәргерлік көмек көрсеткен, 200-ден аса жергілікті тұрғын біздің шатырды паналап, жылынған. Қазір құтқару жұмыстары аяқталып келеді. Бүгін Адана қаласында іздеу-құтқару жұмыстары толық аяқталды.

Хабарламаларға жазылу