Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Шахтер ауылында жаңа хоккей корты пайдалануға берілді. Бұл шағын ғана елді-мекенде салынып отырған үшінші спорт нысаны. Мұнда жүзу бассейні, дене шынықтыру сауықтыру кешені бар, енді оған мұзайдыны қосылды. Жалпы биыл облыста барлығы 100 спорт нысаны салынбақ. Оның басым көпшілігі ауылдық жерлерде бой көтереді.
Шахтер ауылының жастары енді жабық мұзайдында жаттығады. Бұған дейін далада ойнап келген. Команда мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Нысанның құрылысына қазынадан 158 миллион теңге қаржы бөлініпті. Жаттығудан бөлек, мұнда аптаның үш күнінде жергілікті тұрғындар да сырғанақ тебетін болады. Қазір елді-мекенде мыңнан астам халық бар.
Мирас Омарбек, Шахтер ауылының тұрғыны:
Мұз теп-тегіс, кешке қарай жаттығудан соң өзіміз тазалап отырамыз. Бұрын аязды күндері далада ойнауға тура келетін. Ал мұнда жылы. Киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері бар. Өте ыңғайлы жасалған.
Биыл Қарағанды облысында 100 спорт нысаны салынады. Көпшілігі ауылдық жерлерде. Дене шынықтыру сауықтыру кешендері көбейгендіктен енді бассейндерге басымдық берілмек. Мамандардың айтуынша, жыл сайын бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 5-6 миллиард теңге қаражат бөлінеді екен.
Ерназар Хасенов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:
Біз уже спорт кешендерінің қамтылуын кішкене жауып, енді бассейндердің салынуына көзқарасымызды бұрып жатырмыз. Өйткені қазіргі таңда халықты спорт нысандарымен қамту 64,8 процент болса, былай бөліп қарағанда спортзалдар бойынша 100 проценттен асып тұрмыз, бассейндер 23 пайыз.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында барлығы 2872 спорт нысаны болса, соның 980-і ауылдық жерлерде орналасқан. Осылайша өңір ел бойынша алғашқы үштікке еніп отыр.
Руслан Нұрланұлы