Екібастұзда электр қуатын таратушы компания жарықтың ақысын заңсыз өсірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда электр қуатын таратушы компания жарықтың ақысын заңсыз өсірген

14.02.2023

Екібастұзда электр қуатын таратушы компания жарықтың ақысын әдейі өсірген. Олардың энергия тұтынушы кәсіпорындарды қалай алдағанын қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облыстық департаменті әшкереледі. Тарифті қалыптастыру кезінде монополист шығындарын еселеп көбейткен. Сөйтіп, оны төлемақы құнына қосып, бағаны көтеріп жібергені анықталды.

Асылхан Асан, облыстық Экономикалық тергеу департаментінің қызметкері:
2019-2020 жылдар аралығында энерготаратушы кәсіпорын Екібастұз аумағында тарифті заңсыз көтерген. Ол үшін 2 млрд 400 млн теңгеге электр жабдықтарын жөндедік деп екі фирманың атынан жалған есеп құжаттарын алған. Оны берген екі кәсіпкерге сот шартты мерзімге жаза тағайындау үкімін шығарды.
Осылайша монополист компания электр қуатын алып отырған Екібастұздағы кәсіпорындардың 500 млн теңге қаржысын қалтасына басқан. Алынған қаражат қайта есептеліп тұтынушының төлеген артық ақшасы қайтарылатын болды.

Камилла Байғожанова, облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары:
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті анықтағаннан кейін біз қайта сараптама жасадық. Энерготаратушы кәсіпорынның тариф, сметалық және инвестициялық жауапкершілігі жөніндегі құжаттары тексерілді. Шығындарына қатысты өкілетті органға берген есебі қолдан жасалғаны сотта дәлелденді. Қазір уақытша өсімақысыз төлем белгіленді. Тұтынушылардан алынған артық ақшаны кері қайтаруға әрекет жасап жатырмыз.
Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу