АҚШ-тың Мэриленд штатында қазақ тілі курсы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың Мэриленд штатында қазақ тілі курсы ашылды

14.02.2023

АҚШ астанасы Вашингтонға жақын Мэриленд штатында қазақ тілі курсы ашылды. Балалар мен ересектерге арналған сабақ аптасына бір рет өтеді. Осылайша, Қазақ-Американ қауымдастығы жырақта жүрген отандастарымыз түп тамырынан ажырап қалмас үшін тілдік курстарды қолға алып жатыр.

Тілі қазақ, тәсілі америкалық. Ана тілі сабағы осылай еркін өтеді. Себебі, Америка мектептеріндегі оқу тәртібіне бейімделген балаға басқаша ережені таңу тиімсіз. Курстың басталғанына көп бола қойған жоқ. Екінші сабақ қана. Балалар қазірдің өзінде туыстық атауларды танып, дене мүшелерін қазақша айтуды үйренген.

Даниял Алтынбеков, оқушы:

Айтпа сен ата, атам деп айт. Өйткені ол сенің атаң. Біз бүгін үйрендік: бас, көз, құлақ, оқ қол, сол қол, оң аяқ, сол аяқ.

Розлана Алтынбекова, ата-ана:

Біз Америкаға көшкенде балалар ағылшынша сөйлей бастады. Біз үйде тек ана тілінде сөйлемегендіктен ана тілін сақтау қиын болды. Сондықтан осы сабақ ашылғанда бірден келдік.

Тілашар сабағын тегін өткізуге ниет танытқан ерікті - Жанар Көбекбай. «Болашақ» бағдарламасының түлегі курсты жүргізу үшін Қазақстаннан лайықты оқулық таппадым, дейді. Себебі, біздегі кітаптар негізінен қазақ тілін орыс тілділерге үйретуге арналған. Сондықтан мұндағы балалардың ана тілін үйренуге деген құштарлығын арттыру үшін өзі үш бөлімнен тұратын арнайы оқу-әдістемелік құралын жасапты.

Жанар Көбекбай, қазақ тілін үйретуші ерікті:

Бірінші коммуникативтік дағды, екінші грамматикаға мән береміз. Үшінші елтану, себебі қазақ тілі құрал. Қазақтың тарихын болмысын үйрену. Салт-дәстүрін үйрену.

Ересектер үшін де қазақ тілі сыныбы ашылды. Алғашқылардың бірі болып тіл сындыруға кірскен жанның бірі - Жанар Ергебай. Он жеті жылдан бері шетелде тұрып жатқан қазақ қызы ата тілінде ойын еркін жеткізе алатын болуды армандайды.

Жанар Ергебай, қазақ тілін үйретуші ерікті:

Қазақ тілі-ана тілім. Бірақ, мен жеті жасымда шетелге көштік. Қазір үйренуге тырысып жатырмын.

Ересектер сыныбында он шақты адам бар. Бірақ, көбі түсірілім тобы болатынын естіген соң ұялып сабаққа келмей қалса керек. Ал, Жанардың ендігі межесі балдырғандарды жазда екі беттік мәтінді мүдірмей оқып, мазмұндама жаза алатындай деңгейге жеткізу.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу