Сайлау-2023: Дауыс беру тәртібі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2023: Дауыс беру тәртібі

11.02.2023

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 36 күн қалды. Саяси науқанға жеті партия қатысады. Қалай дауыс береміз? Сайлау учаскілерін анықтау жолы қандай? ? Бюллетеньдегі тізім қалай жасалады?

Асылбек Данияр, тілші:

Сайлауға 7 саяси партия қатысады. Олар: Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл» партиясы, Respublica партиясы және AMANAT партиясы. Конституцияның редакцияланған нұсқасы бойынша саяси ұйымдар парламентке өту үшін бес пайыздан артық дауыс жинау керек.

Бұл жолы 98 депутаттың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы мажоритарлық негізде сайланғалы отыр. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Биылдан бастап әйелдер мен жастарға, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квота мандаттарды бөлу нормасы енгізілді. Орталық сайлау комиссиясының қазіргі дерегі бойынша мәжілістегі бір орынға бір кандидаттан, ал мәслисхаттағы бір орынға 10 адамға дейін таласады. Бір мандаттық округпен келген депутаттарға халықтың көңілі толмаса, орнын босатады.

Енді қалай дауыс береміз? Сайлау учаскесін қайдан көріп, анықтауға болады деген сұрақтарға тоқталсақ. Орталық сайлау комиссиясы 12 миллионға жуық адам дауыс беруге құқылы екенін жариялады. Сайлаушылар тізімі төртінші наурызда белгілі болады.

Өзіңіздің сайлау учаскеңізді үйде отырып-ақ, онлайн түрде анықтауға болады. Бірінші әдіс: еgov.kz сайтына кіруі арқылы. Екінші - Telegram-дағы чат-бот: t.me/sailau_astana_bot. Үшінші - Smart Astana мобильді қосымшасы. Төртінші - IKomek бірыңғай байланыс орталығының 109 номеріне қоңырау шалу арқылы біле аласыздар. Толық мәліметті өзіңіз тұратын облыстың немесе қаланың сайтынан қарауға болады.

Әрбір дауыс беретін адам үлкен қалаларда 4 бюллетень алады. Екеуі Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша: біріншісі 7 партиядан тұратын тізім. Одан бір партияны таңдайды және бөлек бюллетеньде барлық тіркелген кандидаттардың тізім болады.

Ал мәслихат сайлауында облыстарда 3 бюллетень, ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 2 бюллетень беріледі. Біреуі партиялық тізімдер бойынша, екіншісі бір мандаттық округтер бойынша. Яғни, республикалық маңызы бар қалаларда 4, ал өңірлерде 5 бюллетень беріледі.


Хабарламаларға жазылу