Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Атырау қаласында өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Атырау қаласында өтті

10.02.2023

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Атырау қаласында өтті. Басқосу барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жастар саясаты саласында атқарылып жатқан бірқатар іс-шара бойынша тапсырма берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалып жатқан Жастар саясаты жөніндегі тұжырымдаманың жобасы талқылаудан өтті. Бұл құжат жастар саясаты саласындағы жұмысқа тың серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар Кеңес отырысында «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасында айтылған негізгі мәселелер де қарастырылды.

Мемлекет басшысы жастар саясаты жас азаматтармен бірлесе іске асырылуы керек екенін баса айтқан. Осы ретте әртүрлі саладан шыққан Кеңес мүшелері бір жылдың ішінде-ақ саяси аренада өзінің ауқымды әлеуетін дәлелдеп, биік мінберлерде жастардың проблемасын бүкпесіз айтып жүрді. Сонымен қатар заң шығару процесіне де белсенді араласып, жастардың мүддесін қорғады.

Олжас Сүлейменов, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі:

Жастар саясатын жүргізуде проблемалар өте көп. Оны мойындау керек. Президентіміздің айтқан ойы өте дұрыс. Жастар үшін емес жастармен бірге деген. Мысалы заң жобасы дайындалған кезде жастар міндетті түрде қатысуы керек. Өйткені заң жоба солар үшін жасалып жатыр ғой. Оларға не керек екенін жастардың өзі ғана біледі.

Жас азаматтардың шыңдалып, кемел дамуын айқындайтын маңызды құжат – Жастар саясатының тұжырымдамасы да Кеңес отырысында ашық талқылауға түсті. Талқылау барысында жастардың жан-жақты дамып, шыңдалуына жағдай жасау жолында ауыл жастарына көңіл бөлу маңызды екені де сөз болды. Өйткені еліміздегі жастардың 43 пайыздан астамы ауылда тұрып жатыр.

Мақпал Жұмабай, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі:

Ауылдың мәселесін шешуге көбірек назар аударсақ, біздің Қазақстанның дамуы да оң болады. Өйткені, ауыл әрқашан біз үшін қантамыр. Барлығы ауылдан шығады.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жастар арасында анықталған мәселелердің арасында есірткі саудасы да бар. Елімізде былтырғы жарты жылдың өзінде 18-28 жас арасындағы 225 азамат осы есірткі үшін сотталып кеткен. Осы мәселе бойынша нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспардың жобасы әзірленген.

Данияр Қадыров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

Бұғаттау үшін, мұның алдын алу үшін, профилактикасын жасау үшін осы жастармен бірлесіп, үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдары ұсыныстары болса осы құжатқа енгізуге әбден болады.

Күн тәртібінде болған «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы жас қазақстандықтардың көзқарасы, сұранысы мен құндылығы жайында өзекті ақпаратты ұсынды.

Нұрдәулет Затилла, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының сарапшысы:

Жергілікті және орталық атқарушы органдар осы баяндамада берілген ұсыныстар мен ұсынымдарға негізделе отырып, жастар саласындағы проблемаларды шешуге шешім таба алады.

Қорытындылай келе, жиынға қатысқан қауым жастар саясатының күн тәртібін қалыптастырып, оны іске асыруда жас азаматтардың рөлі зор екеніне бір ауыздан келісті. Ал облыс әкімі Серік Шәпкенов жастар секторын дамыту үшін Атырауда IT HUB құруды және жастар кадрлық резервін жасақтауды ұсынды. Әлемдік озық тәжірибеге негізделген бастама өңірде стартап жобалар мен тың бизнес-идеяларды іске асыруға мүмкіндік бермек. Әрі мемлекет мүддесіне жұмыс істейтін жастардың жаңа буынын қалыптастырады.

Жандос Темірғали, Өнербек Жаңабай

Хабарламаларға жазылу