Қазақстан құтқарушылары Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан құтқарушылары Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатыр

10.02.2023

Түркиядағы апат аймағында жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар тобы 24 сағат бойы тоқтамай ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Біздің құтқарушы мамандардың біліктіліген көрген түркиялықтар оларды жер сілкінген өзге де қалаларға шақырып жатыр екен.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қазақстандық құтқарушылар бүгін Газиантеп қаласынан 80 шақырым жердегі Нұрдагы қалашығынан тағы үш адамды үйінділер астынан аман сау алып шықты. 10 сағатқа созылған құтқару операциясында біздің мамандар қирандылардың үстінгі жағынан бару мүмкін болмағандықтан, бетондардың астынан жерді қазып туннель жасап үш әйел адамды алып шықты. Жергілікті тұрғындар мен жауапты мамандар біздің құтқарушылар тобының жұмыс істеу тәртібі мен жанкештілігін ерекше бағалап отыр. Газиантеп қаласының әкімі орынбасары бізге берген сұхбатында осылай, деді.

Исмайыл Сүндік, Газиантеп қаласы әкімінің орынбасары, апат аймағына жауапты комиссия төрағасы:

Жер сілкінісінің бірінші күнінен бері бізбен бірге жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушыларға алғысымыз зор. Министрдің орынбасары бастаған құтқарушылар тобы өздерінің кәсіби маман екендіктерін дәлелдеді. Адамдарды құтқаруда бізге көп көмек көрсетті. Кеше осы жерден үш адамды үйінді астынан аман алып шықты. Осындай қиын күнде бізге қолдау көрсеткен, жәрдем берген барлық қазақстандықтарға құрметіміз шексіз.

Ибрахим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:

Біз бүгін осында төртінші күн жұмыс істеп жатырмыз.келгеннен бастап елшілкпен кездесіп сол кісілердің арқасында жергілікті әкімщілкпен бірге жұмысымызды бастап кеттік. Бүгінге дейін 7 адамды сау құтқардық. Өкінішке орай 14 мәйіт шықты. Қазір біздің тобымыз екің қалада жұмыс істеп жатыр. Газиантеп және Нұрдағы қаласында. Нұрдағыда 35 адам, Газиантепте 66 адам.

Қазір біз тұрған Газиантеп қаласының орталығында көпқабатты үйлер өте көп. Дегенмен олардың көпшілігіне ешқандай зақым келмеген. Тіпті қатар тұрған бірдей екі үйдің біреуі құлап, екінші сау қалғанын да көрдік. Яғни мамандар бұл құрылыс сапасына байланысты екенін айтады. Ал Түркия билігі бүгін құлаған үйлерді салған компаниялар мен жауапты адамдарға қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу