Брюссельде Еуропалық Одақтың кезектен тыс саммиті өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Еуропалық Одақтың кезектен тыс саммиті өтеді

09.02.2023

Бүгін Брюссельде Еуропалық Одақ көшбасшыларының кезектен тыс саммиті басталады. Екі күнге созылатын жиында Украинадағы ахуал жіті талқыланбақ. Қонақ ретінде Украина Президенті Владимир Зеленский де қатысады деп күтілуде.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Украина Президенті Владимир Зеленскийді өткен аптада Киевте өткен саммитте ЕуроОдақ басшылары Брюссельге арнайы шақырған. Бұл оның соғыс басталғалы шет мемлекетке жасайтын екінші ресми сапары болайын деп тұр. Мұның алдында ол желтоқсанда Вашингтонда АҚШ Президенті Джо Байденмен кездескен болатын. Президент Зеленский Брюссельде алдымен Еуропалық парламенттің отырысында сөз сөйлейді. Сонан соң Еуропалық саммитке қатысады деп күтілуде. Жиынның алғашқы күні Украинаға көмек мәселесі талқыланады. Осы уақытқа дейін ЕуроОдақ Украинаға 60 млрд еуроның көмегін көрсеткен. Басқосуда осы елге тағы да әскери техника жіберу, қаржылай қолдау көрсету мәселелері қаузалады.

Саммиттің екінші күні Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары АҚШ-та қабылданған «инфляцияны төмендету» туралы заңның қарт құрлық елдерінің өндірісіне әсерін талқылайды. Сондай-ақ, күн тәртібінде миграция мәселесі де тұр. ЕуроОдақ халықаралық қорғауға зәру емес елдердің азаматтарын мұнда бас сауғалатпай, бірден елдеріне аттандырмақ. Себебі, «Frontex» шекаралық бақылау агенттігінің мәліметінше, былтыр ЕуроОдаққа 330 мың заңсыз мигрант келген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 64 пайызға көп. Енді, көші-қон заңын мейлінше қатаңдатпақ.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу