«Amanat» партиясы Мәжіліс сайлауына 119 кандидат ұсынды. Бұл туралы елордада өткен саяси құрылымның кезектен тыс XXV съезінде белгілі болды. Құрылтайда сайлауалды бағдарлама бекітілді. Жалпы «Amanat»-тың партиялық тізімі 75 пайызға жаңарды. Төменгі палата сайлауына қатысатындар арасында елге танымал кімдер бар? Дарын Сағитов тарқатады.
«Amanat»-тың бұл жолғы съезі әдеттегі құрылтайдан өзгеше өтті. Галстуксіз кездесу, еркін диалог. Ұзақ баяндамалардың орнына әр саланың өкілдері партияның жетістіктерін жіктеді. Пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Мәжіліс сайлауына ұсынылған 119 кандидаттың 29-ы бір мандаттық округтер бойынша бақ сынайды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты:
Мәжілістен күтетінім, бұл – біздің алдымызға қойған әділ қоғам, әділ мемлекет. Халықтың әл-ауқатын көтеруге өкілетті органдар мен заң органдары қатты, белсенді жұмыс жасау керек деп ойлаймын.
Партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар арасында бұрынғы Білім министрі Асхат Аймағамбетов, «QazVac» вакцинасын әзірлеуші, биологялық қауіпсіздік саласындағы белгілі ғалым Күнсұлу Закарья, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов бар. Әр бесінші кандидат – жас буын өкілі. Үміткерлердің 29 пайызы – әйелдер.
Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:
Бұл құрамда барлық өңірдің, барлық саланың өкілдері бар. Олар беделді, білімді, білікті тұлғалар. Нағыз патриот азаматтар. Олардың артында өздеріңіздей адал партияластар бар. Қалың орман халқымыз бар.
Партия түпкілікті трансформация жасап, құрғақ уәде мен жалаң ұрандардан арылды. Сөзден нақты іске көшіп, саяси алаңда барынша ысылды, шыңдалды. Партия төрағасы осылай деді. Халық мүддесі үшін қызмет етіп, жетістіктерді еселеу үшін облыс, қала, аудандардағы белсенділердің де ықпалы зор болады. Бұл ретте партия мәслихаттар сайлауына 3 821 кандидат ұсынып отыр.
Шалқар Оразбаев, делегат:
Жетісу облысы мәслихатына Талдықорған қаласы бойынша өзімді депутаттыққа ұсынып жатырмын. Халықпен бірге жұмыс жасайық деген сенім бар. Әркім өз өңірінің өңірлік проблемасын көтеру керек. Президентіміздің саяси реформалары жүзеге асып жатыр деп есептейміз.
Соңғы бір жылда өңірлердегі кездесу аясында тұрғындардан 200 мыңнан астам талап-тілек пен ұсыныс түскен. Сондықтан партияға жүктелген жүк ауыр. Алда – саяси науқан, үлкен дода. Аманаттықтар бұған тас-түйін дайынбыз, ел сенімін арқалауға мүдделіміз деп отыр. Айта кетерлігі, төраға үгіт-насихат жұмыстарын киелі Түркістан өңірінен бастауды ұсынды.
Дарын Сағитов