Түркістанда бүлінген үйлер тізімге алынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда бүлінген үйлер тізімге алынып жатыр

07.02.2023

Түркістан облысында тасқын кезінде бүлінген баспаналарға бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы облыс бойынша барлығы 21 елдімекенде 237 үйдің ауласын су басты. Қызыл судан зардап шеккен Сауран ауданының тұрғындары, жергілікті билік өз деңгейінде дайындық жұмыстарын жүргізгенде қатты зиян шекпес едік дейді. Олар жыл сайын арық-атыздардың тазаланбайтынын айтады. Кешегі тасқын кезінде ауылдың қалталы азаматтары барынша көмек қолын созған. Жанар май құйып, бірнеше техниканы көмекке жіберген.

Аманбай Өтепов, Абай ауылының тұрғыны:

Мына құбырларды да халықтың күшімен қойдық. Әкімдіктен бөлініп жатқан қаражатты көрген емеспіз. Кеше су тасығанда да жан-жақтан кәсіпкерлер көмек берді. 

Жергілікті билік көктемгі тасқынның алдын алу мақсатында арықтарды тазалап, бөгеттерді әлі нығайтамыз деп отыр. Қазір қызыл судан зардап шеккен ауылдар қалпына келтіріліп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша Сауран ауданында 8 үйдің жертөлесіне су кіріп, 63 қора қопсы құлаған.

Ербол Жанғазиев, Сауран ауданы әкімінің орынбасары:

Аудан бойынша тоғыз елдімекенде 152 үйдің ауласын су алып, жергілікті жерде құрылған комиссияның зерделеу жұмыстарымен 71 үй қоры анықталып отыр. Бүгінгі таңда арнайы бағалаушы мекемемен бағалау жұмыстарын жүргізуде.


Хабарламаларға жазылу