Түркия мен Сирияда зілзаладан қаза тапқандар саны 5 мыңнан асты. 20 мыңнан астамы жараланған. Президент Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісі болған аймақтарды төтенше жағдай жариялады. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Бұл - Түркия мен Сирияда болған алапат зілзаладан кейінгі көріністер. Соңғы мәліметтерге сай, екі елде қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 мыңнан асты. БҰҰ-ның мәліметінше, дүмпу болған аймақтарда шамамен 23 миллиондай адам тұрады. Ресми ақпаратқа сай, Түркияның өзінде 3400-ден астам адам көз жұмған. 20 мыңнан астамы жараланды. Мыңдаған үй, аурухана, мектеп және өзге де ғимарат жермен-жексен болды. Іздеу-құтқару жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр. Алайда дүмпу ошағына жақын орналасқан аудандарға жету қиын. Өйткені негізгі тас жол опырылып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Оның үстіне жаңбыр мен қар тоқтамастан жауып, құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Бұл - елде 1999 жылдан бергі ең алапат зілзала.
АХМЕТ АЛИНАК, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Ту сыртымдағы үйінді астында екі жиенім қалды. Ғимарат кеше сағат екі шамасында құлаған. Осындай қираған нысандар астында мыңдаған адам қалған болар. Өз күшімізбен оларды шығарып алғымыз келеді. Алайда бізді ол ешкім жаққа жібермейді.
Қуаты 7,8 және 7,5 балдық екі зілзала бір күнде болды. Күштілігі сонша, ол Ливан, Кипр, Израиль аумағын теңселткен. Одан кейін 40 шақты дүмпу тіркелді. Бүгін де қуаты 5,5 балдық жер сілкінісі болды. Құлаған үйінділер астынан адамдар шығарылып жатыр. Ресми мәліметке сай, құтқарушылар 8 мыңнан астам адамды алып шыққан.
Зілзалаға қатысты ақпарат сәт сайын жаңарып жатыр. Малатья провинциясында волейболдан «Хатай» әйелдер командасы қираған ғимараттың астында қалған. Әзірге спортшылар жайлы нақты ақпарат жоқ. Бұдан бөлек, ерлер арасындағы волейбол командасының мүшелері де тап сондай апатқа ұшыраған. Құтқарушалар үш спортшыны тапты. Кахраманмараш қаласында 30-40 балуан үйіндінің астында қалды. Шұғыл көмек күтіп жатырмыз деп еркін күрестен олимпиада чемпионы Таха Ақгүл әлеуметтік желіде жазған болатын. Бұдан бөлек, "Марасспор" футбол клубыың спортшылары қонақ үйдің астында қалды деген ақпарат тарап жатыр.
ДЕНИЗ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Үйінділер астынан көмек сұрап жатқан адамдардың дауысын естідік. Олар құтқарыңдар деп айқайлады. Біз оларды шығара алмадық.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, зілзала салдарымен күреске 70 мемлекет көмек қолын созған. Еуропа Одағы, Ұлыбритания және басқа да елдер өрт сөндірушілерін, полиция қызметкерлерін және әскерилерін, қажетті құрал-жабдықтарды жіберіп жатыр. Режеп Тайып Ердоған зілзала болған аймақтарға төтенше жағдай енгізді. 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Күллі ел аумағында мемлекеттік тулар жартылай төмен түсірілді.
РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі жағдай бізден төтенше шаралар қабылдауды талап етеді. Елдің зілзала болған 10 провинциясын апат аймағы деп жариялаймыз. Бұл шешімнің күші 3 айға созылады.
Ал көршілес Сирияда қаза тапқандар саны 1600-ден асты. Мұнда ахуал өте күрделі. Онсыз да дағдарысты бастан кешіп отырған елде құтқару жұмыстарын жүргізу қиынға соғып отыр. Инфрақұрылымға зақым келіп, жолдар қираған. Электр жарығы жоқ. Мұнда жер сілкінісі кезінде үйінді астында қалған әйел босанғаны туралы мәлімет жария етілді. Жаңа туған нәресте аман қалып, құтқарылды. Өкінішке қарай, анасын құтқару мүмкін болмаған. Түркияны және Сирияны зілзаладан кейін қалпына келтіруге бірнеше жыл кетуі мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр.