Түркияда тағы жер сілкінісі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда тағы жер сілкінісі болды

06.02.2023

Түркияда тағы жер сілкінісі болды. Жаңа ғана түскен мәліметтерге сай, бұл жолы Малатия қаласында ондаған ғимарат құлаған. Сондай-ақ Қахраманмараш қаласында да қуаты 7,4 баллдық тағы бір дүмпу болды. Мамандар қаза тапқандарды анықтап жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңғы төрттен аса Түркияның бірнеше провинциясында қуатты жер сілкінісі тіркелді. Мамандар зілзаланың қуаты 7,4 балл болғанын анықтады. Апаттан жүздеген адам қайтыс болып, екі жарым мыңнан аса адам жараланған. Зілзаланың ошағы Түркияның оңтүстік шығысындағы Қаһраманмараш қаласында болған. Жер дүмпуінің қуатты болғаны сонша, ол көршілес 10 облысқа әсер етті. Жер сілкінісінен мыңнан аса ғимарат жермен жексен болды. Қазірге дейін үйінділер арасынан 50-ге жуық адам құтқарылған. Түркия билігі апаттың салдарын тезірек жою үшін өзге елдерден көмек сұрады. Бұдан бөлек, тұрғындарды түрлі алып-қашпа әңгімелерге ермей, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. 


Фуат Октай, Түркияның вице-президенті:

Барлық ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелер және әлеуметтік желі қолданушыларынан Төтенше жағдайлар басқармасы берген ресми ақпаратты ғана таратуды сұраймыз. Жақындарын таба алмай, іздеп жүрген адамдар көп. Сондықтан қайтыс болғандар туралы тек нақты ақпарат тарауы керек. Қазір жер сілкінген үш қалада әуежайлардың жұмысы тоқтатылды. Мектептерде екі апталық қосымша демалыс жарияланды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу