Жекеге өтіп кеткен: Елімізде жайылым жер тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жекеге өтіп кеткен: Елімізде жайылым жер тапшы

05.02.2023

Саяси дода жақындағанда жиі көтерілетін тақырыптардың бірі – жер мәселесі. «Amanat» партиясы осы апта Болат Назарбаевтың компанияларына қарайтын жер телімдері мемлекетке қайтарылғаны туралы ақпарат жариялады. Саяси ұйымның сайтында Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткені туралы жазылған. Бұл учаскелерге Болат Назарбаевтың компаниялары ие болған екен. Бұған дейін Бас прокуратура Болат Назарбаевтың күдікті жолмен 59 жер учаскесін меншіктеп алғанын анықтаған екен. 

Қазақстанда 7 миллион халық ауылда тұрады. Ауылдықтар жайлы, барақатты өмір сүруі үшін не керек? Ең әуелі емхана, мектеп. Жол және малын бағар жайылым керек. Осылар түгел болса, ауыл қазағы өз күнін өзі көреді. Бірақ осы керектердің көпшілігі жоқ. Ал ауыл қазағы үшін дәл қазір ең қиын боп тұрғаны – жайылымның жоқтығы.

Енді мынадай факт: соңғы космомониторинг деректері бойынша Қазақстанда 40 млн га жайылым дұрыс пайдаланылмай отыр екен. Бұл аз ба, көп пе? Бұл 80 миллион жұртымен Германия немесе 4 Корея, 10 Швейцария сыйып кететіндей жер екен. Ал ауыл жұртының мал жаятын жері жоқ. Иә, жайылым жер жетеді, бірақ телімдер біреудікі, қоршалған. Мал кіріп кетсе қамайды, айыппұл салады. Жұрт қой-сиырын қайда бағарын білмей, дал. Ең сорақысы, сонша қорыған жері игерусіз жатыр. Мыңдаған гектар жерді меншіктеп алғанымен қоймай, ауылдың іргесіндегі өрісті де тартып алған латифундист, олигархтардың кесірінен көп ауыл мал ұстауды қойған. Жастар жұмыссыз. Қалаға көшкін басталмай, қайтеді?!

Ахмет Байтұрсынұлының: «жер мәселесі – қазақтың тірі, иә өлі болуының мәселесі» дегені бар. Ауыл іргесіне мал баға алмай, пұшайман хәлге түскен ауылдастар жайлы Нұрбек Бекбау айтсын.

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алады. Территориямыздың 70 пайызы мал жаюға ыңғайлы. Бірақ: «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмас» дегеннің кері. Қарапайым халық бөктер мен бауға, жазық пен тауға мал жая алмай жүр. Әлем бойынша жайылым аймағы үлкен 5 елдің қатарына кіріп тұрып, қалайша мал жаятын жер жоқ? Төрт түлікті бағар жер таба алмай отырғанымыздың басты себебі – жерді дұрыс бөлмеуден шығып отыр. Кешегі 90-шы жылғы, бертінгі кездердегі жер бөлісте лауазымды кісілер, шенді-шекпенділер иен даладан миллиондап ауыл маңындағы бүкіл жерді иемденіп алған.

Саян Түймебеков, Екпінді ауылының тұрғыны:

Алғашқы президентіміз екі сиыр алып, күніңді көр деп еді. Сол екі сиырымызды жаяр жер таба алмай отырмыз. Көріп тұрсыздар, қоршап тастаған. Мал түгілі, адам өткізбейді.
Қазақстандағы жайылым аумақтың жалпы көлемі – 180 миллион гектар. Енді қараңыз: осынша аумақтың тек 40 пайызы игеріліп, қалған 100 миллион гектарға дейінгі жер бос жатыр. Бұл Германияның территориясымен бірдей жер.

Бос жатқан бұл жерлер құла дүзде, айдалада. Иә, иен дала бос жатыр, бірақ иелері бар. Шалғайдағы бұл территорияларына құдық қазып, фазенда құруға байшыкештердің шамасы келеді. Жоқ, артық ақша шығындағысы келмейді. Жолы бар, жарығы бар деп ауыл айналасындағы жерлерге жармасып отыр. Егін егіп тастаған, қоршап тастаған. Ал ауылдың жұрты, іргеге мал жая алмай, қой-сиырын амалсыз қорада ұстауға мәжбүр.

Нұрбек Бекбау, журналист:

Төрт түліктің ішінде жылқы атаулы қолға қарамайды. Тебіндеп, далада жүруі керек. Тебіндейтін дала жоқ. Қараңызшы, осылай аулада ағаштың қабығын жеуге мәжбүр. Көрер көзге обал.
Ауылдың айналасындағы ұлтарақтай жерімізді босатып берсе, малымызды жайып, жем-шөбін де дайындап алар ек,-дейді қырдағы жұрт. Иә, жем-шөп күннен күнге қымбаттап барады.

Өмірзақ Қанай, ауыл тұрғыны:

Бұл шөпті қорада тұрған малға беру үшін әкелдік. Бір арба шөп 80 мың тг болды. 10 бас малға берсек, 10 күнге жетеді.
Ақсу дейтін ауылдың малы жайылатын аумақты жергілікті әкімдік сүт фермасын ашам деген инвесторға бере салған. 7 жыл болды, уәде еткен фермасы жоқ. Бірақ аумаққа ешкімді кіргізбейді.
Тұрдыбек Батай, ауыл тұрғыны:

Сарыжазық жатыр. Сол жерден салмай ма олар? Енді ауылдың ұлтарақтай-ақ жеріне кеп қыстырылады.
Негізі, Жер кодексі бойынша, ауыл маңындағы 5 және 15 шақырым аумақ – сауын мал бағу үшін,-деп белгіленген. Яғни, қорадағы оншақты қой, сиыр-жылқысы жайылуы керек. Ал үлкен шаруашылықтар, фазендалар шалғайға кету керек. Заң осылай дейді.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

Бірақ бұл заң істемей тұр. Заңды қабылдайды, жүзеге асыра алмайды. Өкінішке қарай жайылым туралы заң қабылданды, өмірде істемеген заң. Мұны мен де білем, депутаттар да біледі. Өкімет те біледі. Дәрменсіз.
Негізі, ауылдың да, ауданның да әкімдері Жер кодексінің 84-бабы бойынша біреудің меншігіндегі жерді халық мұқтаждығы үшін мемлекет меншігіне қайтара алады. Ол кезде өтемақы төлейді немесе «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес сол жердің құнына тең жерді басқа аумақтан береді. Сөйтіп те қайтарып алуына болады. Бірақ солай олигарх, байшыкештен жерді қайтарып алды деген бір әкім тарихта болған емес.

Алмасбек Садырбаев, агросарапшы:

Жалпы жергілікті билікте инциатив жоқ. Өйткені кез-келген инциатив жауапқа алынады деген сөз бар ғой. Неге? Жоғарғы жақтан таяқ жейді. Егер бізде жергілікті әкімдер сайланса, инциативті ел үшін жасайды. Ал сайланбаған әкімдер көкесі үшін істейді. Сайлаулар болашақтағы талай мәселені шешеді деп сенем.
Ауылдың айналасында пұшпақ жер жоқ! Сондықтан Сәбит атты шаруамыз мың қойды алдына сап, көне қораны қалпына келтіріп, жапан далаға мал жая бастаған. Бірақ шалғайға барсадағы, тағы да жер тапшылығына тап болды.

Серік Сәбитов, шаруашылық жетекшісі:

Жер тапшы. Енді барып жер сұрасаң, жер жоқ дейді. Білмеймін. Барлық жер қайда кеткенін? Судың ар жағы кімдікі екенін ешкім білмейді. Ары қарай елдің жері. Мына жағы да. Көріп тұрсыздар. Иіріп жүреміз екі ортада.
Осылай мал баққан ел ауылдың іргесінен де, құлан түзден де ұлтарақтай жер таба алмай жүргенде, кей өңірлердегі әкімдер жерді шетелдіктерге де үлестіріп тастаған. Қараңыз. Жайылым жоқ. Малынды жаятын жер таппасаң, не істейсің? Иә, ауыл жұрты да сатып-сатып кетіп жатыр...

Нұрбек Бекбау, журналист:

Бұл ауылдың мал бағатын жері. Жайылым аймақтың жекеге өтіп кетуі, демалыс аймақтарына айналып кетуі кесірінен осындағы оншақты ауыл мал баға алмай отыр. Ал жұрты қолдағы малын етке өткізіп тастаған, сатып тастаған. Иә. Оңтүстікте мал ұстамайтын ауылдар көбейіп келе жатыр.
Мал жаятын жері жоқ ауыл жұрты соңғы 20 жыл қорадағы сиыр-қойды сатып біткен. Жұмыс және жоқ. Содан ауылдағы жастар қалаға ағылып жатыр, ағылып жатыр. Ал қалада оларды күтіп тұрған дайын жұмыс жоқ.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

Мынау Қаңтар оқиғасына жер мәселесі де себеп болды. Ауылдарда жер болса, жастарға қалаға келудің қажеті не?
Егер ауыл маңындағы жайылымды босатып беріп, бұқараға мал ұстауына мемлекет көмек берсе, бергісі Қытай, арғысы Араб елдерін етпен, сүтпен қамтып, әр қазақ байып кете алады. Жеріміздің жартысын шөлейт құрайды деген жай ғана сылтау. Ғалым-гидрологтардың болжауынша, Қазақстанның жер астында Балқаш көлінің көлеміндей 70-ке тарта су қоры бар екен. Біздің байлар ауылдың жеріне таласпай, шалғайға шығып, Қодар сияқты 40 құдық қазса, ал халық ауыл маңында еркін төрт түлігін бақса – елімізде 50 миллион қой, 2 миллион жылқы, 10 миллион ірі қара өргізуге мүмкіндік туып тұр. Тек қана жер қорыған латифундистерді тезге салсақ болғаны. «Адам өседі, мал өседі, жер өспейді». Мен емес, Құнекең айтып кеткен…


Нұрбек Бекбау

Хабарламаларға жазылу