Қостанай облысында биыл шаруашылықтарға 13 млрд теңгенің субсидиясы төленбеген. Ал егіншілікпен айналысатын диқандардың қанша қолдау қаржыдан қағылғаны мүлде беймәлім. Себебі субсидияның бұл түрі «күту парағына» енбейтіндіктен оның нақты есебі жоқ. Осы салаға жауапты министрлік дайындаған «gosagro.kz» жүйесі субсидиялаудағы машақатты жеңілдетуге тиіс еді. Бірақ ақпанның бірінен қолданысқа енгізілген бұл жүйе аймақта мүлде жұмыс істемей тұр.
Александр Бородин Алтынсарин ауданындағы Зуев ауылының аумағында 10 мың гектар жерге егін салады. Сол елді мекеннің 100-ден астам адамын жұмыспен қамтып отыр. Ауылдың әлеуметтік саласына үнемі қолдау көрсетеді. Бірақ өз шаруашылығына тиесілі мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алмай жүр.
Александр Бородин, шаруа:
Былтыр инвестициялық субсидияға есептеп дән себу кешенін алдым. Оған төленуі тиіс демеуқаржы 25 млн теңге. Сондай-ақ тыңайтқышқа 40 млн теңге, тұқымға 15 млн теңгеге өтінім бергенмін. Барлығы 100 млн теңгедей субсидияны әлі ала алмай жүрмін.
Қостанай облысында былтыр 2 жарым мың ауылшарушылығы өнімін өндірушіден субсидия алуға 20 мың өтінім түсіпті. Осы өтінімдер бойынша 44, 6 млрд теңге төленген. Алайда бұл қаржы жеткіліксіз.
Нұрсұлтан Қабделов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Инвестсубсидия бойынша былтыр 1640 өтінімге 13 млрд теңге төленбей қалды. Сонымен қатар сүтті терең өңдеу бағдарламасы бойынша 700 млн теңгедей төленбей қалды.
Осындай машақаттан құтылу үшін жауапты министрлік ақпан айынан «gosagro.kz»жүйесін енгізген. Жаңа жүйенің ерекшелігі қызметі тегін, «күту парағы» субсидия алуы тиіс құрылымның бәріне бірдей қолданылады. Яғни, бұрынғыдай демеуқаржыдан қағылмай, шаруалар субсидияны кезек реті бойынша алады. Бірақ қостанайлық шаруалардың бірде бірі бірінші ақпаннан жұмысын бастаған жүйеге кіріп, өтінім бере алмай отыр.
Ауылшаруашылығы министрлігіндегілер 1 ақпаннан бері жаңа жүйеге 100 өтінім түскенін айтты.
Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
Егер бір уақытта 10 мың адам кіретін болса кез келген жүйенің жұмысын атқара алмайтын жағдайлары болады. Сәл шыдау керек. Бір аптада бәрі дұрысталады.
Былтырғы субсидиясын ала алмай, биылғысына өтінім бере алмай пұшайман болған шаруалардың, күту мен шыдаудан басқа амалдары да жоқ.
Дәуренбек Әбдібек