Премьер-Министр Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды талқылады. Үкімет басшысы Қазақстан мен Ресей арасында экономикалық кооперация қарқынды дамып, өзара сауда-саттық деңгейі арта түскенін және бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын айтты. Бұл ретте екі ел көшбасшылары арасындағы белсенді саяси диалогтың Қазақстан-Ресей әріптестігінің барлық салаларында жоғары қарқынды қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Өткен жылдың 11 айында өзара тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен Өнеркәсіптік кооперацияның даму қарқыны жақсы, оның аясында жалпы құны $1 млрд-қа жуық 26 бірлескен жоба іске асырылды. Бұған қоса құны шамамен $23 млрд болатын 84 ірі жоба пысықталу сатысында. 24 мыңдай жұмыс орны құрылады деп жоспарлап отырмыз.Бұл Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының зор әлеуетін көрсетеді, біз оны белсенді түрде қолдап, дамытуымыз қажет.