Қостанай облысында 9 ауылда орталық су құбыры тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 9 ауылда орталық су құбыры тартылды

02.02.2023

Қостанай облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға байланысты 13 жоба аяқталды. Соның арқасында 9 елді-мекен орталық желімен қамтылып, тағы бірнешеуінің ескірген су тарату қондырғылары жаңартылды. 

Бұл Әулиекөл ауданына қарасты Новонежин ауылы. Екатеринбург-Алматы тас жолының бойында орналасқан. Облыс орталығы Қостанайдан 90, аудан орталығынан 25 шақырым қашықта. Бірнеше ауылшарушылығы құрылымдары, бизнес нысандары бар тірек елді-мекендердің бірі. Сөйте тұра былтырға дейін ауыз су мәселесі шешілмеген. 

Жұлдызай Айсабаева осы ауылда 10 жылдан бері тұрады. Осынша уақыттан бері ауыз су тасудың азабын тартып келді. Ауласында ұңғыма бар. Бірақ одан шыққан су өте тұзды, ішуге жарамайды. Сондықтан амал жоқ ауыз су әкелу үшін қыста шанасын, жазда арбасын сүйреп, күре жолдың қарсы бетіндегі құдыққа баратын. «Қашықтығы шамамен 2-3 шақырым», дейді өзі.

Жұлдызай Айсабаева, ауыл тұрғыны: 
Боран кезінде суға мүлде бара алмаймыз. Алдын ала әкеліп бар ыдысты толтырып қоюға тырысамыз. Енді су келгелі рахат. Ешқайда барудың қажет жоқ. Аласың, ішесің. Су жұмсақ. Кір жууға, өзімізге де жақсы. 

   Новонежин ауылындағы тұрғындар саны 3 мыңға жуық. 600-ге тарта түтін бар. Соның 200-ден астамы көше бойына тартылған құбырдан суды үйлеріне кіргізіп үлгерген. Ауылда үш ірі серіктестік, 16 шаруа қожалығы, 14 бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Күре жолдың бойында тұрғандықтан дүкен, қонақүй, дәмханалар көп. Орталық су желісінің тартылуы кәсіпкерлікті дамыта түсуге де жол ашады. 

Серік Смағұлов, Новонежин ауылының әкімі:
Жобаның құны 700 млн 980 мың. Ұзындығы 38 де 600 шақырым. Ол Озерныйдан келуі және көшені қосқанда. Фильтр, тазарту қондырғыларының бәрі талапқа сай.

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін ауылдық елді-мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту туралы тапсырмасы бар. Сондықтан облыста бұл бағыттағы жұмыстың ауқымы биыл былтырғыдан екі есеге көбейді. Яғни 26 жоба жүзеге асырылып, 25 ауылға орталық су желісі тартылуы тиіс. Тағы бірнеше елді мекенде ескі құбырлар жаңартылып, су тарату қондырғылары қойылады. 

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу