Жемқорлардан қайтарылған қаржыға мектеп салынды. Мемлекетке кері қайтқан миллиондардың есебінен бой көтерген білім ошағы Ақтөбе облысының Құмжарған ауылында. Мектеп бүгін салтанатты түрде ашылды. Ғимараттың құрылысына 150 миллион теңге жұмсалды.
Бұл күнді құмжарғандықтар ұзақ күтті. Себебі, ауылдағы 40-қа жуық оқушы әбден тозығы жеткен ескі мектепте оқып келген еді. Жаңа білім ордасының ашылғанына ауылдың жасы да,жасамысы дән риза.
Таңатар Жанұзақов ауыл тұрғыны:
Бүгін сәті түсіп мектеп ашылды. Қуанып жатырмыз. Балдарымыз қуанып, , мәз болды.Көне мектебіміз құлайын деп тұр, ескі.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Оқушылар бұған дейін 1979 жылы салынған мына ескі мектепте оқып келген еді. Алайда, бұл ғимарат 2017 жылы апатты деп танылды. Ауыл балалары жаңа білім ордасының ашылуын 5 жыл күтуге мәжбүр болды.
Ғимарат апатты боп танылған соң жаңа білім ордасының құрылысы басталып, ол 2019-ыншы жылы қолданысқа берілуі керек еді. Алайда, мердігер міндетін атқармады. Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен «СПК-Ақтөбе» АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты істен өндірілген 150 млн теңге осы мектептің құрылысына жұмсалды.
Есқали Саламатов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Республикамызда ең бірінші Ақтөбе облысында,Құмжарған ауылының мектебі аяқталып жатыр. 2018 жылдан бері құрылысы аяқсыз қалған бұл мектеп сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен әкімдіктің бірлескен жұмысы нәтижесінде бой көтеріп жатыр.
Жаңа мектепте химия, биология, физика, информатика кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Ер балалар мен қыздарға арналған бөлек шеберханалар мен спорт залы да бар. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған арнайы бөлме де жұмыс істейді.
Елдар Сүйіншалин, оқушы:
Бүгін біз үшін өте қуанышты күн.Енді біз жаңа мектепте оқитын боламыз.Біз үшін барлық жағдай жасалған. Барлық кабинет жаңа жиһаздармен, заманауи жабдықтармен қамтылған.
Былтыр облыста парақорлық ісі бойынша 86 іс қаралып, 269 миллион теңге қайтарылған. Ал, осы жылдың тек қаңтар айының өзінде осындай 13 дерек тіркелген.
Жақсыбек Кемал