АЭС-ті орналастыру аумағы бойынша жария талқылау ақпан айында өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС-ті орналастыру аумағы бойынша жария талқылау ақпан айында өтпек

01.02.2023

Дизель отынының тапшылығы, газбен қамтамасыз етудегі қиыншылықтар, электр қуатының жетіспеушілігі. Бұл Энергетика министрлігінің алқа отырысында талқыланған өзекті мәселелер. 

Елімізде 190 электр станциясы бар. Қуаттылығы - 20 гегабат. Дені көмірмен істейді. Станциялардың 60 пайызы тозған. Кей өңірлерде тіпті 80 пайызға жетеді. Газбен істейтіндердің қатарын көбейте алмай отырмыз. Өйткені көгілдір отынның өзі тапшы. Газ өндіретін кен орындарын ашу үшін оны әуелі іздеп, іске қосу керек. Кемі он жыл алатын жұмыс. Тағы бір жол - атом электр станциясын салу. Оған оңтайлы алаң ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылыпты. Дегенмен министр Болат Ақшолақов бұл ұсыныс әлі де қоғамдық талқылауға түседі деді.

Энергетика саласы мемлекеттің негізгі тірек күшінің бірі. Жалпы ішкі өнімдегі үлестің 22 пайызы һәм бюджет кірісінің 40 пайызы осы отын-энергетиканың еншісінде. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша, мұнай, газ, мұнай өнімдері және электр энергиясы өндірісінде нақты өсім аз да болса, бар. Бірақ, проблема да жоқ емес. Алқа отырысында Роман Скляр сын айтты.


Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Дизель отынының тапшылығы, газбен қамтамасыз етудегі қиыншылықтар, электр қуатының жетпей қалуы, жылу беру объектілеріндегі апаттар – осының бәрі бұл салада өте ауқымды проблемалардың барын көрсетті. Олардың барлығын жедел шешу қажет.

Екібастұз, Риддер және Теміртау. Осы үш қаланың проблемасы Үкіметтің назарында. Жылуға қатысты тариф құны күрт көтерілмейді деді. Экономика өскен сайын тауарлық газды ішкі тұтыну үлесі өсіп келеді. Мәселен, 2017 жылы бұл көрсеткіш шамамен 14 миллиард текше метр болса, 2022 жылдың соңына қарай 19 миллиардтан асты. Сондықтан газдың ресурстық базасын ұлғайтумен қатар оны өңдеудің қуаттылығын арттыру қажет.

Ол үшін бірқатар газ өңдеу зауыттарын салу жоспарланған. Алайда 2023 жылы аяқталуы тиіс Қашағандағы зауыттың 1-кезеңінің құрылысы баяу жүргізілуде. 2-кезең бойынша да соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Сондай-ақ Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жұмысы да тежеліп тұр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» және QazaqGaz-бен бірлесіп, 1-наурызға дейін осы жобалардың әрқайсысының тұжырымдамалық шешімдерін әзірлеуі қажет. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе отырып, Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауыты бойынша бар мәселелерді тез арада шешіп, оның құрылысын бастау қажет. Елдегі газдандырудың 60 пайыз деңгейін қамтамасыз етуі керек. Солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселелері де созылып кеттті. Министрлік «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, бұл мәселені жеделдету керек. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында нақты шешім қабылдануы тиіс.

Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда күрделі болуы мүмкін. Сондықтан ішкі нарықты қажетті шикізат қоры және энергоресурстармен үзбей қамтамасыз ету - Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Ал Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетовтің сөзінше, АЭС-ті орналастыру аумағы бойынша жария талқылау ақпан айында өтпек.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу