Биыл елімізде мал дәрігерлерінің жалақысы өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде мал дәрігерлерінің жалақысы өседі

01.02.2023

Биыл мал дәрігерлерінің жалақысы өседі. Төрт түліктің бабын тапқан сала мамандарының еңбек ақысына 35-50 пайызға дейін қаражат қосылмақ. Бұдан бөлек, денсаулығын сауықтыруға жәрдемақы да қарастырылған. Осы өзгерістерден кейін салаға жас кадрлар көптеп тартылуы тиіс.

28 жылдан бері мал дәрігері болып істеп келе жатқан Әлімбай Сейналиев қазір ауру малды түр-түсінен-ақ таниды. Жылдар бойы ауылдан табан аудармай еңбек еткен маман кадр тапшылығы басты мәселе екенін айтады. Көрген-білгенін үйретер жастар жоқ.

Әлімбай Сейналиев, мал дәрігері:

Жас мамандарға көңіл бөлу керек болып жатыр. Осы қызметке келмей жатқаны айлығы төмен болғаннан кейін. Жастар келіп істейді де, қиындығын көріп кетіп қалып жатыр. Сол себепті жастар жағын көтеру үшін, қолдау үшін айлықтарын көтеру керек боп жатыр.

Ветеринардың қазіргі жалақысы 80 мың теңгеден басталады. Ал тәжірибесі жоқ жас мамандарға жоғары еңбек ақы төленбесі анық. Шаруалар әсіресе, төрт түлік жаппай індетке шалдыққанда қиын, дейді.

Бауыржан Тілеулиев, шаруа:

Жаз айларында 15 күн сайын сары безгектің алдын алуға дәрілер береді. Соны барып салып тұрамыз. Дәрігерлер бәріміз жабылып, көмектесеміз ол кісілер салады. Әр 15 күн сайын жан-жақтап салып, қонып сол жақа дәрілеп келеміз.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Мамандардың айтуынша, төрт түліктің ішінде сиыр малы ауруға бейім келеді екен. Әсіресе, жаз айларында сары безгек мазаласа, күзде аусыл ауруына жиі шалдығатын көрінеді. Ал, бір дәрігер науқан кезінде 800-ден аса малды емдеп шығарады екен.

Қазір Жамбыл облысының әр ауылында емдеу бөлімшелері бар. Онда 1134 мал ветеринар еңбек етеді. Облыстық басқарма жалақы мәселесі бойынша министрлікке ұсыныс жолдапты. Яғни, 700 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінсе, өңірдегі мал дәрігерлерінің мәселесі шешіледі.

Олжас Көкей, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Осы мал дәрігерлеріне қосымша айлығына осыған төленетін қаржы қарастырылып жатыр. Бұл мәселе бойынша біз ұсыныс бердік. 679 миллионға ұсыныс беріп отырмыз. Енді осы заң аясында бекітілгеннен кейін, екінші тоқсанға қарай бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз.

Биылғы жылдың екінші тоқсанында мал дәрігерлерінің жалақысы 50 пайызға дейін көтеріліп, қосымша төлемдер беріле бастайды. Ал ақпан айының ортасында мамандар қауырт шаруаға кіріседі. Олар төрт түлікке 15 түрлі ауруға қарсы жаппай вакцина егуге кіріседі.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу