Абайсызда адамды атып өлтірген аңшыға сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайсызда адамды атып өлтірген аңшыға сот үкімі шықты

31.01.2023

Абайсызда адамды атып өлтірген аңшыға сот үкімі шықты. Қайғылы жағдай былтыр жазда Солтүстік Қазақстан облысында болған. Далада жалғыз өзі жидек теріп жүрген әйелді аңшылар елік деп ойлап, мылтықтан оқ атқан. Оң жақ иығынан жараланған Бауман ауылының тұрғыны аудандық аурханаға бара жатқанда көз жұмды. Аталған іс бойынша, басты күдікті ретінде Бауман станциясының тұрғыны ұсталған болатын. Сот оған абайсызда адам өлтіру және атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау дерегі бойынша үкім шығарды. Қылмыскер 3 жылға бас бостандығынан айрылды және жәбірленуші тарапқа 3 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Бірақ, марқұмның туыстары аңшыға тым жеңіл жаза берілді деп есептейді.

Алтынбек Сайлауов, марқұмның баласы:
Адамның өмірі бағасыз болып кеткен ғой. Мысал келтірсек, Айыртау ауданында аңшылар елікке охотаға шығып, алты жылға сотталып жатыр. Ал мына жерде адам өлтіріп, үш жылға сотталған дегенді мен білмеймін.

Осы қайғылы оқиға орнында ауылдың учаскелік инспекторы да болған. Оған жаралы әйелді өлімнен аман алып қалу үшін ешқандай әрекет жасамады деген айып тағылды. Полиция қызметкеріне қатысты іс сотта әлі қаралып жатыр.

Э.Кәленова

Хабарламаларға жазылу