Мемлекеттік активті қайтару неге қиын? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік активті қайтару неге қиын?

29.01.2023

Сыртқа заңсыз шығарылған қазақстандық активтерді қайтару - «Апта»-да жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Былтыр қаңтар трагедиясынан кейін Үкімет алдына осы мақсат қойылғалы сарапшылар бұл идеяның жүзеге асатынына сәл күмәнмен қараған еді. Өйткені шетке кеткен қаржының схемасын айқындау оңай емес. Осы жұмысты реттеу үшін Президент былтыр қарашада арнайы Жарлыққа қол қойды.

Енді міне, Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясы заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат жауапқа кімдер тартылатынын айқындауы тиіс. Заңсыз шығарылған активтердің схемасын анықтап, оны растап, қайтару тетіктерін жүйелейді. Бұл нені білдіреді? Қазір қылмыстық істер жөнінде ақпарат жариялана бермейді. Өйткені тергеу құпиясы болып саналады. Ал активтерді қайтару жөнінде жаңа заң қабылданса, бұл мәселе де шешілуі тиіс.

Болжам бойынша, қазір мемлекеттен шығарылған қаржы 140 миллиард доллар шамасында. Бұл – ресми статистика. Бейресмиге сүйенсек, бұдан бірнеше есе көп. Ал бүгінге дейін мемлекетке қайтарылған қаржы көлемі - 670 миллиард теңге. Жаңа заң қабылданса, активтерді қайтару процессі жеңілдей ме? Мемлекеттік активтердің сыртқа қайта заңсыз кетіп қалмауы үшін не істеу керек?

Қазір шетелге заңсыз шығарылған ақша көлемі туралы нақты дерек жоқ. Кей сарапшы 30, енді бірі 500 миллиард долларға дейін барады дейді. Ал ресми деректерде 140 млрд АҚШ доллары көрсетілген. Алдымен қыруар қаржы қалайша көлеңкеге өтіп, көзден таса болды деген мәселеге тоқталайық. Қалтасы қалың, сөзі өтімділер әуелі әрекеттерін заңдастырып алған.

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі:

Түрлі мемлекет мүддесіне зиян келтіретін Үкіметтік шешімдер, теріс шешімдер, мемлекеттік активтің шығып кетуіне жол ашатын қаулылар, Үкіметтік акті негізінде шықты ғой немесе сот шешімдері негізінде.

Сосын бұл қаражатты шекара асыру қиын емес.

Қуандық Рашид, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Қылмыскерлер заңсыз жиналған ақшаны шетелге шығару мақсатында күрделі схемаларды ойлап тауып, оларды заңды тәсілдер арқылы шетелге шығарады. Мысалы бір фирма шетелдік компанияға тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін ақы төлеу сылтауымен ақшаны шетелге шығарады. 

Бас прокуратура осындай шешімдерді қайтадан зерделеп жатыр. Олигополиялардың пайдасына негізсіз шығарылған сот актілерінің күшін жоюға 23 наразылық енгізілген. Тергеп-тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатқан істер де жетерлік. Дегенмен активтердің иелікке заңсыз өтіп, шекара асқаны Қазақстанда дәлелденсе де, қайтару оңай емес.

Мадияр Кенжеболат, экономика ғылымдарының кандидаты:

Бірінші этапта сотпен осының бәрін дәлелдеу керек. Екінші этап шетелдік юрисдикцияларға барып, осы біздің соттық шешімдерді барып дәлелдеу керек.
Қазақстан қылмыстық істер және экстрадициялау мәселесі бойынша 34 елмен 71 келісімге келген. Ведомствоаралық комиссия құрылғалы 670 миллиард теңгеден астам активтер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 146 млрд теңгесі ақшалай болса, құны 57 млрд теңге болатын 600-ден астам теміржол тұйығы. 107 миллиард теңгенің эксклюзивті асыл тастары мен зергерлік бұйымдары, «Қазақтелекомның» 94 миллиардтық акциялары, 5 млрд теңгеден астам сомаға тең келетін 140 мың га жер мемлекеттің меншігіне өтті.

Дегенмен кез-келген мемлекет экономикаға жұмыс істеп тұрған миллиардтаған доллар қаражатты Қазақстандағы соттың негізінде қайтарып бере салмайды. Халықаралық келісім бойынша бұғаттайды. Бірақ, бермейді. Бұл салада бұдан да басқа қиындықтар бар.

Қуандық Рашид, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Ең бастысы, бұл құқықтық база. Еліміздің заңнамасы саласында кейбір кемшіліктер бар. Оларды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қажет.

Бұл өзгерістер қазір әзірленіп жатыр. Активтерді қайтару жөніндегі комиссия өкілінің мәліметінше, жаңа заң жобасында біраз кедергі жойылады.

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі:

Заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оны қайтару тетіктері регламенттелетін болады. Заңда осыған дейінгі жол берілген кемшіліктердің алдын алатын, қайталануына жол бермейтін тетіктер жазылатын болады.
Ал ең негізгісі, қылмыс жасаған тұлға кінәсын мойында, қаржыны өз еркімен қайтарса, жазасы жеңілдеуі мүмкін.

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі:

Қылмыскер кінәсын мойындап, ұрланған қаражатты қайтаратын болса, сәйкесінше өз дәрежесінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылу мүмкіндігі қазір қарастырылып жатыр.

Мұндай мәселе өзге елдерде де бар. Мәселен Өзбекстан соты Гүлнар Кәрімова ақшаны қылмыстық жолмен тапты деген шешім шығарды. Бірақ, қайтарылған қаржы тым аз.

Валерий Бирюков, журналист, сарапшы:

Қылмыс дәлелденді. Гүлнар Кәрімова шетелдік телеоператорлардан пара алғаны анықталып, сотталды. Содан кейін Швейцариядағы шоттары бұғатталды. Содан бері 10 шақты жыл өтті. Қайтарылғаны бар болғаны 150 миллион доллар.

Бақытжан Сәркеев, Алматы менеджмент университетінің проректоры, экономист:

Қытай елінен әр түрлі есептер бойынша 150 млрд ақша шығарылады. Соған қарамастан ол Үкіметке үнемі жұмыс істеп отырады екен. Одан бөлек тағы да бір мысал келтіруге болады. Ол Германия. Германия шетелдегі есептердің тізімін алады екен де сол тізім бойынша нақты жұмыс істейді екен. Менің ойымша, біз де сол Германия сияқты жұмыс істеуге болады.

Қазір біздің заңда ақшаны жасырып қалуға жол бермейтін нақты тетік жоқ. Сарапшылар мұны ең алдымен ынталандыру арқылы жүзеге асыру керек деп есептейді.

Бақытжан Сәркеев, Алматы менеджмент университетінің проректоры, экономист:

Ақшасы бар адамдарға ақшаны қайтарып, сол бизнес жобаларға. Сондықтан сол жағынан да заң арқылы, неше түрлі инвестициялық жеңілдіктер арқылы берген дұрыс деп есептеймін.

Ал өзге елдермен арадағы ақша айналымына заң жүзінде шектеу қою тиімсіз.

Мадияр Кенжеболат, экономика ғылымдарының кандидаты:

Капитал еркін келіп, еркін шығуы керек. Заңға өзгеріс жасайтын болсақ, онда шетелдік инвестициялардың да келуі екіталай бізге. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мамандардың пікірінше, заңсыз ақша тауып, өзге елге жасыруды шектейтін тек бүкілхалықтық деклорация. Бұл тіпті жемқорлықтың да жолын кеседі. Шенділер мен шекпенділердің бар тапқан таянғаны мемлекеттің көз алдында.

Жақындары мен алыс ауылдағы туған туыстарының да атына ештеңе жаза алмайды. Себебі олар да мүлкі мен капиталы туралы есеп беруге міндеттеледі. Ал бүкілхалықтық деклорация жоспар бойынша тек 2025 жылы басталады.



Хабарламаларға жазылу